Қазақстанда 1,8 млн бала мен жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысады
Қазақстанда 1,8 млн бала мен жасөспірім дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл – елдегі балалар мен жасөспірімдердің 34,6%-ы. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 45%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Астана, NEGE. Биыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландыру тәртібі өзгерді. Соның нәтижесінде бір тәрбиеленушіге бөлінетін жылдық қаражат 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін өсті. 2026–2028 жылдары балалар спортын дамытуға 74 млрд теңге қарастырылған.
Бұл ақша спорт мектептеріне құрал-жабдық пен киім алуға, жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге жұмсалады. Біліктілік тестінен өткен жаттықтырушылардың жалақысы 30%-ға көтерілді.
Қазір 4 пен 17 жас аралығындағы 228 мыңнан астам бала мемлекеттік спорттық тапсырыс арқылы 7 мыңнан астам секцияға тегін қатысады. Бұл бағдарламаға 50 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек, шамамен 400 мың бала 526 балалар-жасөспірімдер және мамандандырылған спорт мектебінде жаттығады.
Елде спорт инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Қазір 26 518 спорт нысаны жұмыс істейді. 2025 жылы 147 жаңа нысан ашылса, оның 107-сі ауылдық жерлерде орналасқан. 2026 жылы тағы 121 нысанды іске қосу жоспарланған.
Балалар мен бұқаралық футбол үшін салынуы тиіс 685 алаңның 520-сы пайдалануға берілген. Оның 378-і ауылдарда орналасқан.
Сонымен бірге инклюзивті спортты дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазір мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 16 спорт клубы мен екі мамандандырылған спорт мектебінде шамамен 7,5 мың спортшы жаттығады.