17 Ақпан 09:59

Қазақстан Сирия жөнінен XV халықаралық кездесуге қатысып жатыр

Фото:

 Ресейдің Сочи қаласында Сирия жөніндегі XV халықаралық кездесу басталды.

Алматы. NEGE. Ол Астана форматында өтіп жатыр. Келіссөздердің алдыңғы раунды 2019 жылы елордада өтті. Былтыр наурызда тағы өтуі тиіс еді. Бірақ індетке байланысты бірнеше рет кейінге шегерілді. Сочиде Сирия жөніндегі келіссөздер басталды. Оған Астана процесіне қатысушылардың бәрі жиналды. Сирия үкіметі мен оппозияциясы, Ресей, Иран, Түркия мен Қазақстан өкілдері, сондай-ақ Иордания, Иран, Ливан және БҰҰ байқаушылары бар. Тараптар талқылайтын басты мәселенің бірі сириялық босқындар жайы болмақ. Өйткені қақтығыстар басталғалы 7 миллионға жуық сириялық өзге елдерге бас сауғалап кеткен. 

ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиев: "Мәселе Ливан мен Иорданияда жүрген босқындарға қатысты. Себебі шекара асқан сириялықтардың көбі дәл осы елдерде жүр. Сондықтан бұл мемлекеттер де Сириядағы шиеленістің тез арада шешіліп, босқындар мәселесі реттелгенін қалайды. Жиынға қатысып жатқан әр тараптың қояр сұрағы бар. Қазақстан осы процестің бастамашысы болғандықтан қатысып отыр" деді.

Бұл келіссөздер 2016 жылғы қақтығысты тоқтату туралы келісімді одан әрі нығайта түсуге бағытталған. Сонымен қатар оны Сирия үкіметі мен оппозициясының тікелей диалог құру алаңына айналдыру көзделген.

Тегтер: