USD
USD
USD

Қазақстан сатып алған ресейлік вакцинадан қай елдер бас тартты?

2021 жылы әлем елдері коронавирус індетіне қарсы жаппай вакцина егуді бастайтын сыңайлы.

Қазақстан сатып алған ресейлік вакцинадан қай елдер бас тартты?
Фото: NEGE.kz

Алматы, NEGE. Қазірдің өзінде бірқатар елдер өз вакцинасын шығарып, сынап, тіпті өндіріске енгізіп жатыр. Қазақстан да Қордайда өз вакцинасын жасап жатыр. Көктемде жаппай егу басталмақ. Қазірдің өзінде отандық вакцинаны бірқатар шенді-шекпенділер өздеріне салдырып та алды. Сондай-ақ Қазақстан көктемнен бастап ресейлік Sputnik V вакцинасын да пайдаланады.

Осыған дейін денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов сынақ кезінде қазақстандық вакцинаның – 96, ресейлік вакцинаның 92 пайызға дейін тиімділік көрсеткенін мәлімдеген еді.

Алайда бірқатар елдер Ресей вакцинасын өз елдерінде тіркеуден бас тартып жатыр. Мәселен, Украинаның бас санитар дәрігері Виктор Ляшко ресейлік вакцинаның Украинада мемлекеттік тіркеуден өтуі туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Украина COVID-19-ға қарсы клиникалық сынақтың үш кезеңінен де сәтті өткен вакцинаны ғана пайдаланады. Сол себепті Украинада ресейлік вакцинаның тіркелуі туралы барлық сыбыстар мен саяси мәлімдемелер шындықтан алшақ жатыр. Бүгінгі күні COVID-19-қа қарсы арнайы процедуралармен қолдануға арналған вакциналар бар (шұғыл пайдалануға рұқсат етілген). Бұл тіркеу үшін аралық клиникалық сынақ есептері қолданылды. Тиісінше, Украина қатаң реттеу саясаты бар елдерде тіркелген вакциналарды тіркеу мүмкіндігі туралы шешім қабылдады. Көрсетілген шарттарда ғана біз вакциналарды қолдануға мүмкіндік беретінімізді атап көрсетемін» деп жазды Ляшко өзінің Фейсбуктегі парақшасында.

Былтыр жыл соңында Венгрияның да ресейлік вакцинаны қолай көрмейтіні туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Reuters-ке сілтеме жасай отыра РБК хабарлады. Онда Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Гергей Гуляштың Еуроодақтың сатып алу механизмі арқылы немесе тікелей Қытайдан вакцина алу туралы пікірі келтіріледі.

Сәл кейінірек Ресей тікелей инвестициялау қоры Венгрияның Sputnik V вакцинасынан бас тартуы туралы ақпаратты "жалған" деп мәлімдеп, қазірдің өзінде вакцинаның алғашқы партиясы мажар еліне жеткізілгенін айтты.

Inbio Ventures венчурлық фармацевтикалық қоры ғылыми экспертиза бөлімінің жетекшісі Илья Ясныйдың айтуынша, вакцина дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына жауап бермейді.

«Вакцина клиникалық зерттеулерге дейінгі кезеңде-ақ батыстық талаптарға жауап беруден қалды. «Спутник» хаттамасымен сенімді нәтиже күту қиын. Бұл жерде тек субъективті бағалау ғана бар. Вакцинаның барлық зерттеулері заманауи ғылыми әдіснамаға сай емес деңгейде жүргізілді» деп жазады BBC.com Ясныйдың сөзін келтіре отырып.

Sputnik Turkiye агенттігі 2 қаңтар күні таратқан ақпаратында Sputnik V вакцинасын салдырған аргентиналықтардың тек 1 пайызында ғана жеңіл жанама әсерлер туындағанын жазды. Аргентина денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, вакцина қабылдаған 32 мыңнан астам адамның 317-сі қызуы көтеріліп, басы ауырғанын айтқан.

Еске салсақ, Гамалеи атындағы орталық өндіріп шығарған бұл вакцина Ресейде 11 тамызда тіркелді. Вакцинаның ресми сайтының жазуынша, Sputnik V-ның 1,2 млрд-тан астам мөлшерін (доза) алуға әлемнің 40-тан астам елінен ұсыныс түскен.

«Шетелдік нарыққа жеткізу үшін халықаралық серіктестеріміз – Үндістан, Бразилия, Қытай, Оңтүстік Корея және тағы басқа елдерде өндіріледі. Сондай-ақ Беларусь, БАӘ, Венесуэла, Үндістан елдерінде клиникалық сынақтан өткізілуде. Халықаралық серіктестермен қазіргі келісім бойынша Ресей жыл сайын сыртқа вакцинаның 500 млн мөлшерін жеткізе алады. Вакцинаның экспорттық құны мөлшеріне 10 доллардан төмен болады» делінген Ресей тікелей инвестициялау қорының мәлімдемесінде.

Өз кезегінде Қазақстан ресейлік вакцина өндірісін 2021 жылдың ақпан айында бастауды жоспарлап отыр. Алғашқы кезекте ерікті түрде медициналық қызметкерлер, педагогтер, студенттер және құқық қорғау органдарының қызметкерлері егілмек. Сондай-ақ бұл қатарда әлеуметтік мекеме қызметкерлері мен созылмалы аурумен есепте тұрған азаматтар да бар.

Қарағанды фармацевтикалық кешенінің бас директоры Сергей Баронның мәлімдеуінше, Sputnik V Қазақстанда 2021 жылдың 26 қаңтары мен 11 ақпаны аралығында тіркелуі мүмкін. Вакцинаның өндірістік сериясы 12 ақпаннан бастап жеткізіледі деп жоспарланған.

Қазір оқып жатыр

Маңғыстауда алғаш рет шала туған нәрестелердің көзіне күрделі ота жасала бастады

.

2024 жылғымен бірдей шықты. Ағайынды Тастекейлер былтыр НЕГЕ көтеріле алмады?

TAS

Денсаулық сақтау саласының үздігі Бақыт Түменова дүние салды

Бақыт Түменова

«Қайрат» бас бапкерімен қоштаса ма?

.