Қазақстан Ресей нөмірлі заңсыз көліктерден құтылмақ
ҚР ІІМ біздің елде сақтандырылған ресейлік нөмір таққан көліктерді көрші елдегі әріптестерімен бірге тексерді. Нәтижесінде 210 мың машинаның 88 мыңы Ресейде есептен алынғаны белгілі болды.
Алматы, NEGE. Kolesa.kz жазғандай, көбі Ресейдегі көлік иесі сенімхат арқылы сатқан машиналар. Олар біраз уақыт өткен соң есептен шығарылған, себебі ешкім сатылған мүлік үшін салық төлегісі келмейді. Көліктер Ресей шекарасынан асып кеткендіктен, ескі нөмір және құжаттармен еркін жүйткіп жүр. Аталған елде мұндай машинаны бірден тоқтатып, айыптұраққа жіберер еді.
Ресейде мүлде болмаған, Қазақстанға басқа мемлекеттен қосалқы бөлшек ретінде немесе бүтін келген машина да аз емес.
Тіркеуде жоқ көліктердің басым бөлігі шекараға жақын Ақтөбе, Атырау және Қостанай облыстарында жүр. Тізімде "жигули", "самара", "нексия", оң рөлді "эстима", "альфард" көп, дегенмен 2020 жылғы G-класс, Bentley Bentayga, тіпті Aston Martin Rapide сияқты қымбаттары да кездеседі.