Қазақстан пандемияның қайта өршуіне дайындалып жатыр
, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Астана, NEGE. Әлемдегі бірқатар елде сол бұрынғыдай, вакцинациялануды талап етеді. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, Қазақстанда "Комирнати" (Pfizer) вакцинасын коронавирусқа қарсы егу 2021 жылғы қарашада басталды.
"Бастапқыда бұл вакцина тек жасөспірімдерге, жүкті және бала емізуші әйелдерге арналды. Ал 2022 жылғы мамыр мен шілде аралығында "Комирнатимен" егіле алатын контингент кеңейтілді. Нәтижесінде, осы кезеңде аталған вакцина азаматтардың барлық санаттары үшін қолжетімді болды. Бірақ бүгінде КВИ-ге қарсы "Комирнати" вакцинасы көлемінің аз қалғанына байланысты, оны қолдану қайтадан 12–18 жас аралығындағы жеткіншектермен, жүкті және лактация кезіндегі әйелдермен шектелді", – деді министр.
Оның хабарлауынша, Қазақстан жалпы алғанда, былтырдан бері "Комирнати" (Файзер) вакцинасының 4 миллион дозасын сатып алыпты.
АҚШ алда қазақ еліне Файзер вакцинасының үлкен партиясын гуманитарлық мақсатта жеткізбек. Осыған байланысты ДСМ "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министірлігі арасындағы гуманитарлық көмек көрсету туралы келісімнің" жобасын жариялады.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа Қазақстан Үкіметі атынан Америкамен арадағы осы құжатқа қол қоюға өкілеттік берілді. АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министірлігі атынан Лойс Пейс қол қояды деп жоспарланған.
Келісім күшіне енген соң, 5–11 жастағы балаларға егу үшін АҚШ-та мақұлданған, Pfizer-BioNTech өндірген COVID-19 вакцинасының шамамен 500 000 дозасы жеткізіледі.
Бұдан бөлек, ересектерге салу үшін Pfizer-BioNTech шығарған COVID-19 вакцинасының тағы шамамен 500 000 дозасы гуманитарлық көмек ретінде Қазақстанға беріледі.
Сондай-ақ келісім аясында АҚШ өз фармакопеясының талаптарына сәйкес, Fresenius Kabi компаниясы шығарған инъекциялық натрий хлоридін қазақ еліне тегін аттандырмақ. Оның жалпы көлемі вакцина санына сай болады.