18 Маусым 18:33

Қазақстан мигранттарға көмек бермек

Фото:

 Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым БҰҰ-ның 90 мүше-мемлекеттің, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғамның 300-ге жуық өкілінің қатысуымен COVID-19 пандемиясы жағдайында мигранттарды қорғау мәселесі бойынша вебинар өткізді.

Алматы, NEGE. Іс-шараның мақсаты COVID-19 пандемиясынан туындаған жағдайды тұрақтандыру жөнінде Үкіметтер қабылдаған шаралар шеңберінде мигранттарға көмек көрсетуде тәжірибе алмасу болды, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі. Онлайн іс-шараны ашу рәсімінде Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Бас директоры Антонио Виторино бұл мәселенің коронавируспен жаһандық күрес аясындағы маңыздылығын атап өтті. Ол пандемия жағдайында бүкіл әлем бойынша адамдардың мобильділік деңгейі күрт төмендегені туралы айтты. Одан әрі Нигерия, Франция, Қазақстан, Зимбабве және Египет өкілдері сөз сөйледі. Женевадағы ҚР-дың БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Жанар Айтжанова өз сөзінде Қазақстанның мигранттарды қолдауға, оның ішінде төтенше жағдай мен карантин кезінде шетелдіктердің болу ережелерін әзірлеуге, мигранттар үшін визалар мерзімін ұзартуға, оларға гуманитарлық көмек көрсетуге, сондай-ақ 500 қырғыз және жүздеген Өзбекстан азаматтарына мемлекеттік шекара арқылы өткізуді қамтамасыз етуге қабылдаған бірқатар шараларын атап өтті. Қазақстандық дипломат еліміздің Сыртқы істер министрлігі Өзбекстан және Тәжікстандағы әріптестерімен 243 мигрантқа транзиттік дәліз ұсыну мәселесінде өзара табысты іс-қимылын атап өтті. Сөз соңында Ж.Айтжанова Қазақстан мигранттарға әлемде қалыптасқан күрделі эпидемиологиялық жағдайда көмек көрсетуді жалғастырады деп мәлімдеді.

Тегтер: