Қазақстан мен Ресей полицейлері синтетикалық есірткінің трансұлттық арнасын жапты
Қазақстан мен Ресей полицейлері синтетикалық есірткінің трансұлттық арнасын жауып тастады, деп хабарлайды ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Алматы, NEGE. "Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Ішкі істер министрліктерінің есірткі қылмысына қарсы іс - қимыл бөлімшелері екі ел аумағында синтетикалық есірткілерді пошта жөнелтілімдері арқылы жеткізудің трансұлттық арнасын жабу бойынша арнайы операция жүргізді", - делінген сейсенбі күнгі хабарламада.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, айыпталушыларды жедел әзірлеу үшін ІІМ орталық аппараты мен Жамбыл облысы бойынша полиция және Ұлттық қауіпсіздік департаменттерінің аса тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы топ құрылды.
"Омбы және Тараз қалаларында бір мезгілде өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде полицейлер Ресей Федерациясында синтетикалық есірткінің негізгі жөнелтушісі мен оларды Қазақстанда алушы ұсталды. Айыпталушылардың тұрғылықты жерін тінту барысында ірі есірткі зертханалары табылды. Ұсталған Омбы тұрғыны Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға "синтетиканы" дайындап пошта арқылы таратқан. Сонымен бірге ол жалған құжаттарды қолданып, әртүрлі тауарлар – машина майлары, тұрмыстық химия және т.б. түріндегі пакеттерді жасырған", - деді құқық қорғау органдары.
Жалпы құны $9,5 млн-нан асатын 260 кг-нан астам дайын есірткі тәркіленді.
"2021 жылдың қазан айынан бастап ағымдағы жылдың сәуір айына дейін жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде Алматы, Алтай, Ақтөбе, Атырау, Тараз және Қызылорда қалаларында полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі өндірумен және таратумен айналысатын Қазақстанның 13 азаматын ұстады", - деп нақтылады ІІМ-де.