22 Қазан 08:27
...

Қазақстан мектебі НЕГЕ сепаратистерді тәрбиелеп жүр?

Фото:

Ұлттық қауіпсіздік қызметі Ресейдің басшысы Владимир Путинді «президентіміз» деп танитын Солтүстік Қазақстан облысының екі тұрғынымен әңгімелесіп қайтыпты. Естеріңізде болса, әлеуметтік желіде бұл петропавлдық екі өрімдей қыз: «Петропавл – ежелгі орыс жері. Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа емес, Путинге дауыс береміз» деп пікір білдірген еді.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҰҚКД бөлімінің тергеу бөлімі «YouTube» арнасында жарияланған жазбада олардың сепаратистік бағыттағы сөздерді айтқан-айтпағанын тексерген. 

«Құқықтық бағалау нәтижесінде, олардың сөздерінен қылмыстық құрам табылмады. Бұл жеке тұлғалармен ата-аналарының көзінше түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – деп жауап берген ҰҚК.

Украиналық блогерлер орыстілді қазақстандықтармен ашық әңгіме өрбітіп, «YouTube» желісінде жария етіп жүргені – бүгін ғана емес. Осы мазмұндағы айтыстардан көз сүрінеді. Кейбір пенделер артынша артық кеткенін айтып, мастығынан айыққан соң кешірім сұрап та жатыр. Украиналықтардың көздегені, әрине, басқа. Әйтеуір, көзімізді ашу емес екені анық. Әйтпесе, көзі қарақты адамға бұл жайт аса таңсық дүние де емес.

Гәп басқада. Кәмелет жасына толмаған, Қазақстанның мектебінде оқитын, не мектепті жаңа бітірген өрімдей қыздардың басында осындай ойдың қайдан жүргені – үлкен мәселе.

Ресейдің бозбалары айтса, «Путин – президентім» деген сөздің еш сөкеттігі жоқ. «Петропавл – ежелгі орыс жері» деген сөз – ашық қантөгіске бастау. Ал Қазақстан мектептерінің түлектері осылай десе, мектептерге, тіпті осы мектептерді қаржыландырып, білім және тәрбие жұмыстарын белгіліп отырған мемлекеттің өзіне де үлкен сауал тумақ.

Осы орайда Өзбекстаннан Ресейге көшіп келген жас отбасының бір оқиғасы еске түседі. Әрине, орыс отбасы. Бастауышты енді бітірген бір ұлы бар. Жаңа мектебіне, жаңа достарына үйренісіп те үлгерген.

Бір күні сабақтан қайтқан баласы табалдырықты аттай салып, еңіреп қоя беріпті. Ата-анасы «мектепте бірдеңе болды ма екен?» деп ойлап жөн сұраса, ұлы сабасына түскен соң:

«Ресейдің территориясы – менің Ұлы Өзбекстанымнан да үлкен болғаны ма? Бұл қалай? Мүмкін емес!», – депті кемсеңдеп. Қай тілде оқытса да, бұл – өзбек мектебінің берген тәрбиесі.

Ал мына екі қыз – Қазақстан мектебінің түлегі. Бірақ «менің Қазақстаным» демейді. Кеңес дәуірінде қалыптасқан адамдар болса, бірсәрі. Мұндай көзқарасты жастарға кім сіңіріп жүр? Ата-аналары ма, мұғалімдері ме, әлеуметтік желі ме, әлде, ресейлік телеарналар ма? Ұлттық қауіпсіздігі осы түйіннің ұшығына шықса, құба-құп болар еді.

Әрине, біздегі олқылықтардың өз себептері, заңдылықтары да бар. Білім саласы отыз жыл бойы білімді жас, өз мемлекетіне лоялды азамат тәрбиелеп шығаратын алтын бесік емес, шеттеп қалған шенеуніктердің көңілін жықпайтын орынтаққа айналып келді. Нәтижесі – міне.

Олигополия Қазақстанды – мемлекет емес, табыс көзі, ал мектептерді елдің болашағы емес, әлеуметтік шығын деп қарап келді. Тәрбие сағаттары қана «көреген Елбасы» деген тақырыптарға құрылды.

Ендігі тәрбие сағаттары қанша ұзақ отырса да, түбі бір кететін президенттерге емес, елдің, мемлекеттік іргесін бекіте түсетін дүниелерге арналғаны абзал.

Бұған бір мысал, 1990-жылдардың ортасында Алматы қаласында 2-мектеп-интернаттың жанынан қазақ-түрік қыздар лицейі ашылған-ды. Тентектік жасаған балаларға қазақ мұғалімдері «әй, сен адам болмайсың!» деп жекісе, түрік мұғалімдері: «Бұл түрлеріңмен мемлекеттеріңе қалай қызмет етпексіңдер?» деп ұрысатын.

Екі бөлек ұстаным. Екі бөлек тәрбие. Төрткөл дүниені тіреп тұрған, дәулет құрған түріктер балаға мемлекетшілдікті мектептен бастап сіңіру керектігін жақсы біледі. Үйренетін нәрсеміз, түзейтін олқылықтарымыз әлі де көп.

Тегтер: