Қазақстан «Демократия индексі» бойынша авторитарлы елдер қатарында
Британдық Economist Intelligence Unit. компаниясының сарапшылары 2019 жылдың қорытындысы бойынша «Демократия индексін» (Democracy Index 2019) жариялады. Қазақстан бұл рейтингте 165 елдің арасында 139-шы орында тұр. Рейтингті құрастырушылар Қазақстанды авторитарлы режим орнаған мемлекеттер қатарына қосыпты.
Алматы, NEGE. Демократиялық көрсеткіштер жағынан Қазақстан Африкадағы Конго республикасынан артта қалған көрінеді. Тіпті Маврикий, Коста-Рика секілді елдер Қазақстанды әлдеқайда артқа тастап, демократиялық билік орнаған мемлекеттер қатарына енген. Рейтингті жасау барысында Economist Intelligence Unit сарапшылары бес санатқа бөлінген бірнеше ондаған көрсеткішке сүйенеді:
сайлау және пікір алуандығы;
биліктің әрекеті;
саяси мәдениет;
азаматтардың еркіндігі;
халықтың саясатқа ықпалы.
Әр санаттағы көрсеткіштерді жинақтағанда шығатын жалпы ұпай саны 10 баллға жетуі мүмкін. 8 баллдан жоғары ұпай жинаған елдер толық демократиялық мемлекет саналады. Гибридті режимдер қатарына 4 баллдан жоғары көрсеткішке қол жеткізген елдер жатады. Қазақстанға сарапшылар 2,94 балл берген.
2019 жылдың қорытындысы бойынша демократия рейтингінің көшін Норвегия (жалпы ұпайы – 9,87 ұпай) бастаған. Алдыңғы ондықты Австралия мен Жаңа Зеландияны және Канаданы қоспағанда, түгелдей дерлік Исландия, Швеция, Финляндия, Ирландия, Дания, Швейцария Нидерланды секілді еуропалық мемлекеттер құрайды.
Economist Intelligence Unit сарапшыларының пікірінше демократиядан жұрдай елдердің тізімі мынандай: КХДР — 1,08 балл; Конго Демократиялық республикасы — 1,13 балл; Сирия — 1,43 балл; Түркіменстан — 1,72 балл; Тәжікстан — 1,93 балл; Сауд Арабиясы — 1,93 балл; Йемен — 1,95 балл.
Economist Intelligence Unit құжатында сарапшылар Белоруссия, Әзербайжан, Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінде саяси оппозицияның билік басына келуі неғайбыл болғандықтан, жақын уақытта аталған мемлекеттерде демократиялық оң өзгерістер бола қоймайды деп санайды.