Нысана
Қазақстан азаматы Лондонда ұзақ жылға сотталуы мүмкін: «Екеуі пышақтан жарақат алды, біреуінің мұрны сынды...»
Лондонда жұмыс істеп жүрген қазақстандық азамат Аманжолов Бекзат Оралұлы әлеуметтік желі арқылы видео-үндеу жасады. Ол Қазақстан президенті Қ.Тоқаевтан, ҚР Сыртқы істер министрлігінен, қазақстандықтардан көмек сұрайды.
Қазақстан азаматы Бекзат АМАНЖОЛОВ өзге елде жүріп, басы дауға қалған. Қазір Ұлыбританияда оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Алайда отандасымыздың айтуынша, ол өзіне шабуыл жасағандардан қорғану үшін әрекет жасаған.
Б.Аманжолов 35-десанттық-шабуылдау бригадасында взвод командирінің орынбасары болған. Кіші сержант шеніне дейін көтерілген. Спортшы, бокспен және спорттың басқа да түрлерімен айналысқан. 2019 жылға дейін жеке күзет қызметінде істеген. Қазақстанда айлығының аз болғандықтан ол биыл тамызда Ұлыбританияға кеткен.
Лондонға келген күннен бастап Тәжікстанның Памир аймағынан келген азаматтарымен тұрмыстық негізде жанжалдасып қалғанын айтады. Бекзат Аманжолов басқа елдің азаматтары тұратын үйдің бір бөлмесін жалға алуға мәжбүр болған.
«Қақтығыс мен орысша жақсы сөйлегендіктен туындады. Үйді жалға алған үй иесі орыс тілді болғандықтан, менің орысшам басқа тұрғындарға қарағанда жақсырақ екенін ескеріп, памирліктерге ұнамайтын ақпаратты басқа жігіттерге жеткізуімді өтінді», – дейді Бекзат Аманжолов.
Бұл оқиғаның арты жанжалға ұласқан. Бекзаттың айтуынша, өзіне қоқан-лоққы жасамақ болғандар сазайын алған көрінеді. Бірақ бұл Лондондағы диаспора өкілдеріне ұнамаған сыңайлы.
Б.Аманжолов мәселені бейбіт шешуді ұсынғанымен, дегені болмапты. Түннің бір уағында темірмен, шоқпармен қаруланған бес адам оның үйіне келген. Бекзат Аманжолов шабуылдан қорғану үшін қолына ас үй пышағын ала шығады.
«Мен оларға көп болып маған шабуыл жасаса, қарап тұрмайтынымды ескерттім. Кездескен кезімізде сөйлесуге тырыстым. Олар бізді қоршап, досымды ұра бастады. Досымды құтқаруға тырысқанда, олар маған да шабуыл жасады. Сол сәтте пышақпен, қорғана бастадым. Бір-екеуіне пышағым тиіп кетті. Сол сәтте олар шабуылдауды тоқтатты», – дейді қазақстандық азамат.
Ол елшілікке барған соң, елден ұшып кетпек болған. Алайда оны полиция ұстап, камераға қамайды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Республикасы елшілігінің консулы Мерей ҚУАНДЫҚОВ жан-жақты көмектесіп, өзіне байланысты барлық істерді атқарған. 24 сағаттан кейін Бекзат Аманжоловты Лондон полициясы кепілмен босатады.

Лондандағы қазақстандық азаматтың қазіргі жағдайы қандай? Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайдан хабардар ма? NEGE тілшісі мұны Бекзат Аманжоловтың өзінен сұрап білді.
– Қазақстаннның Сыртқы істер министрілігі сіздің жағдайыңыздан хабардар ма?
– Бұл жағдай туралы ешкім білмейді. Тек қана отбасым, жақын ағаларым, достарым ғана хабардар. Ертең видеом жарияланған соң барлығы білетін болады.
– Сізге шабуыл жасап, өздері жарақат алғандардың жағдайы қалай?
– Үшеуі ауруханада жатыр. Оның екеуі пышақтан жарақат алды, біреуінің мұрны сынды. Денсаулықтарына қауіп төніп тұрған жоқ.
– Осы жағдайдан кейін сол диаспораның өкілдері хабарласты ма?
– Жоқ, әзірге ешкім хабарласпады. Өйткені, менің ұялы телефоным полицияның қолында. Қазір мен жаңа телефон, жаңа нөмір алдым.
– Лондондағы адвокат қалай жұмыс істеп жатыр? Ақталып шығуға мүмкіндік бар ма?
– Маған Ұлыбританияның билігі адвокат бөлді. Бірақ қалай болатынын білмеймін. Бұл жақта жұмыстың ақысы сағатпен төленеді ғой. Сол себепті олар менің адвокатыма мен сұраған көп сағат үшін артық ақы төлемейді. Маған белгіленген арнайы уақытта ғана жұмыс істеп жатыр. Ал маған толығымен жұмыс істейтін қорғаушы керек. Әзірге елу де елу болып тұр.

– Қазақстандықтардан қолдау бар ма?
– Отбасым, достарым, туыстарым, ағаларым қолдан келгенше көмек көрсетіп жатыр.
– Тергеудің шарты қандай? Қалай босатты?
– Мені шабуыл жасағаным үшін кінәлады. Сол себепті ұстады, 24 сағат жалғыз адамдық камераға қамады. Сосын елшіліктің консулы Мерей Қуандықов маған түнде камераға келді. Одан кейін таңертең адвокат келді, тергеді. Мені кепілмен және өзім тұрған үйге мүлдем жоламау шартымен босатты. Сондай-ақ, олардың тағы бір шарты бойынша куәгерлермен, жәбірленушілермен сөйлеспеуім керек.
– «Қаржылай көмек керек» депсіз? Жақсы адвокат жалдауға қанша қаражат керек?
– Тергеу қазір жүріп жатыр. 27 ақпанда қайта баруым керек. «Жақсы адвокат керек» деп консул айтты. Жақсы адвокаттың қызметі – сағатына 500 фунт (288 890 теңге). Енді өздеріңіз есептей беріңіздер. Ол үш айда қанша сағат жұмыс істейді? Тергеу 27 ақпанға дейін аяқталуы да мүмкін немесе оны тағы созып жіберуі де ғажап емес. Сол себепті түсініксіз.

– «Төбелестің видео дәлелі» бар дедіңіз. Видео қайда? Ол сіздің жазықсыз екеніңізді дәлелдей ала ма?
– Видео полицияның қолында. Маған берілген тегін адвокаттан сұрасам, «ол видеоны әзірге алып бере алмаймын» дейді. Өйткені тергеу жүріп жатқан кезде ол мүмкін емес екен. Егер басқа адвокат жалдасам, видеоны қолыма алар ма едім, кім білсін?
Видеода бәрі айқын деп үміттенемін. Өйткені полиция маған оның үзіндісін ғана көрсетті. Олардың қолында видеоның толық нұсқасы бар деп ойлаймын. Видео менің айтқандарымды толық дәлелдей алады. Олар маған бірінші болып шабуыл жасады, ал мен қорғандым.
P.S. Осы жағдайға байланысты Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, пікір алғымыз келген. Алайда бұл әзірге мүмкін болмады. NEGE порталы отандасымыздың жайын бақылауында ұстайды.