Қазақстан зияткерлік меншік құқығын қорғауды күшейтеді

Мәжіліс депутаттары зияткерлік меншік мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Алматы, NEGE. Түзетулер Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауын жүзеге асыру мақсатымен әзірленген.
Заң жобасы аясында зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғаудың қосымша құқықтық құралдары енгізіледі. Тауар белгілеріне жедел сараптама енгізу ұсынылады, ол тауар белгілерін құқықтық қорғауды үш ай ішінде (жеті айдың орнына) алуға мүмкіндік береді. Тауар белгісі ретінде тіркеуге мәлімделген белгілерге қарсылықтарды жіберу мерзімін бір айдан екі айға ұзарту жоспарланған.
Бұдан бөлек жария етілген туындыларды еркін пайдалану жағдайлары толықтырылады. Оларды автордың немесе авторлық құқық иеленушінің келісімінсіз таратуға, көпшілікке Брайль қарпімен немесе басқа да арнайы тәсілдермен қолжетімді етуге рұқсат етіледі. Бұл көру қабілеті бұзылған адамдардың туындыларға қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Жалпы отырыста депутаттар орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады. Түзетулер аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым объектілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін ауыстыру құқығы беріледі. Сондай-ақ инженерлік-коммуналдық тұрғыдан қамтамасыз ететін коммуникация желілерін салу үшін мемлекеттік орман қоры жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыруға да рұқсат етіледі.
Ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылысжайларын және селден, топырақ көшкінінен, қар көшкінінен қорғау құрылысжайларын салуға, олардың жұмыс істеуі үшін суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, ауыл шаруашылығы, биологиялық және ирригациялық-мелиорациялық, балық шаруашылығы бейініндегі ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжірибелік алқаптарының жерлерін, орман және су қорын алып қоюға рұқсат беріледі.
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жобасын жұмысқа қабылдады.