Қазақстан журналистері Президентке үндеу жасады
Журналист Ботагөз Омароваға қарсы қылмыстық іс қозғалғаннан кейін журналистер қауымдастығы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады.
Астана, NEGE. Үндеуде 2026 жылғы 20 наурызда 20 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби журналист Ботагөз Омарова Астана қалалық полиция департаментіне «әңгімелесуге» шақырылғаны айтылған. Ол бөлімшеге өз еркімен барған. Алайда бірнеше сағаттың ішінде оның статусы өзгеріп, қорғалуға құқығы бар куәгерден күдіктіге айналған.
Әріптестерінің айтуынша, журналист полиция бөлімінде сегіз сағаттан астам уақыт болған. 21 наурызға қараған түні тергеу сотының отырысы өтіп, нәтижесінде Омарова екі ай мерзімге үйқамаққа алынды. Ал полиция оның пәтерінде тінту жүргізген.
Журналистердің айтуынша, Омароваға нақты қай материалы үшін айып тағылып отырғаны туралы әзірге ресми ақпарат жоқ. Тек істің Қылмыстық кодекстің 274-бабы «көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша қозғалғаны белгілі.
Сонымен қатар үндеуде «Масс-медиа туралы» заңның 68-бабы еске салынған. Бұл бапқа сәйкес, журналист, редакция немесе БАҚ ақпарат ресми дереккөздерден алынған болса немесе жеке және заңды тұлғалардың сөздері сөзбе-сөз келтірілсе, шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет таратқаны үшін жауапкершіліктен босатылады.
«Біз, Сізден, Ботагөз Омарованың ісін жеке бақылауыңызға алып, журналистерді осындай жағдайлардан қорғауыңызды сұраймыз. Себебі ҚР ҚК-нің 274-бабы көбіне журналистерге қысым көрсету құралы ретінде қолданылып жатады. Сондықтан Сізді Конституция кепілі ретінде аталған бапты декриминализациялау жөнінде президенттік бастама көтеруіңізді өтінеміз.
Істің барлық мән-жайын жан-жақты, объективті әрі мұқият тергеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ процессуалдық нормалар мен құқықтардың қатаң сақталуына кепілдік беруге және журналист Ботагөз Омарованы қудалауды тоқтатуға ықпал етуді сұраймыз».
Әріптестері Ботагөз Омарованың әрдайым кәсіби стандарттарды сақтап жұмыс істейтінін, ақпаратты тексеріп, құжаттарды мұқият зерттейтінін атап өткен.