30 Қаңтар 09:47
...

Қазақстан ҰОК делегациясы Азия ойындарының алдындағы дайындық жұмыстарын жүргізді

Харбин
Фото: ҰОК

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің өкілдері Қытайдың Харбин қаласына барып, 2025 жылғы Азия ойындарының қарсаңында алғашқы дайындық жұмыстарын жүргізді.

Алматы, NEGE. Делегация Қазақстан құрамасының спортшыларын сәтті тіркеп, жарыс өтетін орындардың инфрақұрылымымен жан-жақты танысты.

Олимпиада ойындарынан айырмашылығы, Харбиндегі Азия ойындарында бірыңғай Атлеттер аумағы қарастырылмаған. Қазақстан ҰОК Спорт департаментінің басшысы Бектұр Қиятбайдың айтуынша, спортшылар екі жерде орналасады: Харбиннің өзінде және шаңғы жарыстары өтетін Ябули тау шаңғысы курортында.

"Бүгін біз спорттық инфрақұрылыммен танысып, барлық қажетті ақпаратты алдық. Бұл мәліметтерді толықтай командаларға жеткізуге дайынбыз. Жалпы, Харбин Азия ойындарын өткізуге толық дайын, жоғары деңгейдегі ұйымдастыру жұмыстары әуежайдан бастап-ақ сезіледі. Барлық маңызды жайттар ескерілген.

Биатлон командасына қару-жарақты алып өтуге рұқсат алу процесі де сәтті өтті. Инфрақұрылым бойынша барлық нысандар қажетті талаптарға сай. Сонымен қатар ашылу рәсімі өтетін алаң спортшылар орналасатын қонақ үйге жақын. Бұл өте ыңғайлы, өйткені алысқа барудың қажеті жоқ. Бұл – Харбиндегі Азия ойындарының ерекшеліктерінің бірі.

Тамақтану мәселесіне қатысты да ешқандай сұрақ немесе ескерту жоқ. Барлық қажетті талаптар ескерілген, әрбір спортшы өзіне қажетті мәзірді таңдай алады," – деді Қазақстан ҰОК Спорт департаментінің басшысы.

Айта кетейік, 2025 жылғы Азия ойындары 7–14 ақпан аралығында Харбинде өтеді. Қазақстан құрамасы 3 ақпаннан бастап медаль үшін сайысқа түседі.