USD
USD
USD

«Қазақстан – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ошағы»: Варламовтың мәлімдемесін ресми статистика растай ма?

Таяуда ресейлік блогер Илья Варламов Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына арналған деректі фильм ұсынды. Ол фильмде елді «Орталық Азиядағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ошағы» деп атап, Қазақстанда әр төртінші кісі өлтіру қылмысы отбасы ішінде жасалатыны, әр үшінші отбасында тұрмыстық зорлық болатыны жөнінде статистикалық мәлімет келтірді. Варламовтың бұл мәлімдемесі желіде қызу пікірталасқа ұласты.

Илья Варламов
Фото: youtube.com/@varlamov

Астана, NEGE. Илья Варламовтың бағдарламасында келтірілген статистикалық деректер мен мәлімдемелердің бірқатары ресми статистикамен расталмайды, деп жазады осы тақырыпта зерттеу жүргізген Nofake.kz желілік басылымы.

Басылым алдымен Ресейлік блогердің статистикалық дерек сұрап Қазақстанның бас прокуратурасына жүгінбегенін анықтаған. Құқықтық статистика порталында жарияланған деректе Қазақстанда соңғы үш жылда отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар саны артқанымен, Варламов айтқан «әр төртінші кісі өлтіру қылмысы отбасы ішінде жасалатыны» расталмаған. Ондағы дерек бойынша, 2024 жылы – 575, 2025 жылы – 1630, 2026 жылы (маусымға дейін) 1509 отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

Ал әйелдерге қатысты адам өлтіру көрсеткіші 2024 жылғы 67 деректен, 2026 жылы маусымға дейін 57 дерекке азайған.

Отбасы мәселелері жөніндегі уәкілетті өкілі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Снежанна Имашева да басылымға Қазақстанда «әрбір төртінші адам өлтіру қылмысы отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында жасалады» деген мәлімдеме шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, ресми мәлімет келтіреді.

Оның мәлімдеуінше, 2025 жылы барлығы 494 адам өлтіру және 123 адам өлтіруге оқталу фактісі тіркелген. Оның ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 80 адам өлтіру және 22 адам өлтіруге оқталу оқиғасы болған.

«Демек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген адам өлтіру және оған оқталу қылмыстарының шамамен әрбір алтыншысы (617 істің 102-сі) ғана отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған», – деп түсіндірді Снежанна Имашева.

Ал есепті кезеңде тіркелген адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу қылмыстарының әрбір оныншысы (360 істің 36-сы) отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған.

«Ресми түрде "әрбір үшінші отбасында зорлық-зомбылық болады" деген көрсеткішті тіркеу мүмкін емес. Себебі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, әсіресе психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылықтың басым бөлігі жасырын (латентті) күйінде қалып, құқық қорғау органдарына жетпейді», – деп түсіндіреді Снежанна Имашева.

Ол, сондай-ақ, «Қазақстандағы әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қандай да бір түрі кездеседі» деген тұжырым анонимді іріктемелі әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелеріне негізделетінін, оны көбінде қазақстандық құқық қорғау ұйымдары, дағдарыс орталықтары және БҰҰ сарапшылары қолданатынын атап өтеді.

Бұл ретте отбасы омбудсмені кейбір көрсеткіштер халықаралық зерттеулердің нәтижелеріне немесе әлеуметтік сауалнамаларға негізделгенімен, оларды ресми статистика ретінде көрсету дұрыс емес екенін айтады.

Илья Варламов келтірген «жыл сайын кемінде 80 әйел қаза табады» деген дерек те ресми статистикаға сәйкес келмейтіні анықталған.  Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміндегі мәліметке сәйкес, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында әйелдерді өлтіру фактілері бойынша аяқталған қылмыстық істер саны 2020 жылы 36 болса, 2025 жылы 55 болған.

Сонымен қатар Қазақстанда әйелдерді өлтіру көрсеткіші 1 миллион тұрғынға шаққанда шамамен 4 жағдайды құрайды деген деректі де басылым келтірген статистикалық дерек теріске шығарады.

«Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанда тұрмыстық саладағы әйелдерді өлтіру көрсеткіші 1 миллион тұрғынға шаққанда 3 жағдайдан аспаған», – делінген зерттеу материалында.

Ал Ішкі істер министрлігі 2026 жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша, елімізде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 7,5%-ға азайғанын мәлімдеген.

Қазір оқып жатыр

Зейнетақы реформасы: Жеке басқару мен аннуитеттің қайсысы тиімді

.

«Кесілген басы тоңазытқыштан табылды»: Ақтөбе облысында танысын өлтірген екі адамға үкім шықты

кісі өлімі

Қазақстанда нақты жалақы төмендеді: ең үлкен құлдырау IT саласында тіркелді

теңге

Қазақстан NCOC басшысына қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін ескертті

Кен орны