12 Маусым 13:40
...

«Қазақстан түркі мемлекеттерінің парламенттік дипломатиясын барынша қолдайды» – Мемлекет басшысы

Ақорда
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының даму бағдарын айқындап, осы салада нақты реформа жүргізіліп жатқанын айтты.

Алматы, NEGE. – Соның арқасында 2024 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің көлемі шамамен 290 миллиард долларға жетті. Бұл бір адамның басына шаққанда 14 мың доллар деген сөз. Бірақ алдымызда тұрған түйткілдер аз емес. Оларды ойдағыдай шешу үшін бірқатар маңызды іс-шараларды қолдану керек. Атап айтқанда: ірі инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру, жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту, ауыл шаруашылығына жан-жақты қолдау көрсету, көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру бойынша қазір белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл экономикалық өсім 5 пайыздан астам болмақшы. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін түркі мемлекеттерімен тиімді ынтымақтастықты нығайту өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Астанадағы алқалы жиын «ТURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі» деген тақырыпта өтеді. Мемлекет басшысы мұны толықтай қолдайтынын айтты. Қазіргі сын-қатерге толы алмағайып заманда өзара ықпалдастықты нығайту аса маңызды.

– Қазақстан бауырлас елдер арасындағы парламентаралық байланысқа, әсіресе, халықтық дипломатияға ерекше мән береді. Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы – аса беделді халықаралық ұйым, ынтымақтастығымызды дамытуға мүмкіндік беретін бірегей құрылым деп күмәнсіз айтуға болады. Сіздердің Ұйым аясындағы бірлескен жұмыстарыңыздың мән-маңызы өте зор, – деді Мемлекет басшысы.

Жиындағы қорытынды сөзінде Президент бұл кездесу түркі мемлекеттерінің мақсат-мүддесі бір екенін айқын көрсететінін айтып, татулықты сақтау мен нығайту баршаға ортақ міндет деп атады.

– Қазақстан түркі мемлекеттерінің парламенттік дипломатиясын барынша қолдайды. Біз бәріміз тату болсақ, осы құбылмалы заманды аман-есен еңсереміз, экономикаларымыздың дамуына үлкен серпін береміз, төрт құбыламыз түгел болмақ. Бауырымыз бүтін, бауырластығымыз мәңгі болсын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиынға Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлері қатысты.