Қазақстан Тұрғын Үй Компаниясы инфрақұрылымды жаңғыртуға 22,5 млрд теңгеге облигациялық қаржыландыру бөлді

ҚТК («Бәйтерек» ҰБХ АҚ еншілес ұйымы) еліміздің төрт облысында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мақсатында әкімдіктердің облигацияларын сатып алып, 22,5 млрд теңге көлемінде қаржыландыру бөлді. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жүзеге асуда.
Ұлттық жобаның мақсаты – энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендетіп, халыққа сапалы коммуналдық қызметтер ұсынуды қамтамасыз ету. «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» - бұл бастаманы әкімдік облигацияларын сатып алу және қаржы ұйымдары арқылы несиелерді субсидиялау арқылы жүзеге асыруды жоспарға алды.
Ұлттық жоба бойынша қаржыландыратын өңірлер мен нысандар:
Павлодар облысында 9,7 млрд теңгеге ЖЭО-1–НО–52в учаскесі бойынша жаңа жылу магистралін салу жоспарланған, нәтижесінде желілердің тозуы 92%-дан 77%-ға дейін төмендеп, 124,5 мың тұрғын сапалы жылумен қамтамасыз етіледі.
Қарағанды облысында 2,5 млрд теңгеге «Қарағанды Су» ЖШС су тазарту кешенінің негізгі құрылымдары қайта жаңартылуда. Қазіргі таңда тозуы 80%-ға жеткен су тазарту кешені жаңартылып жатыр. Жоба аяқталған соң Қарағанды, Теміртау және Ақтас елді мекендеріндегі 695 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Теміртау қаласында ТМ-2А жылу желілерін қайта жаңартуға 980 млн теңге бөлінді. Желілердің орташа тозуы 71%-дан асады, құбырлардың бір бөлігі 28 жылдан бері қолданылып келеді. Жоба іске асқанда тозу деңгейі 2,1%-ға төмендеп, 7 мыңнан астам абонент үшін жылу сапасы жақсарады. Сонымен қатар, өңірдегі Мичурин көшесі бойындағы ТМ-3 жылу желілерін жаңартуға 4,3 млрд теңге бөлінді. Тозу деңгейі 65%-ды құрайтын желілер жаңғыртылған соң, тозу 4,9%-ға азайып, нәтижесінде 39 мыңнан астам абонент сенімді жылумен қамтылады.

Орал қаласында тозығы жеткен екі жылу магистралі қайта жаңартылуда. ТМ-6 желісінің 504 млн теңгеге жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары нәтижесінде құбырлардың тозу деңгейі 88%-дан 46%-ға дейін төмендеп, 22 мың тұрғын сапалы жылумен қамтамасыз етіледі. ТМ-7 желісінде (ТК-2-27–ден ТК-7-14-ке дейін) 776 млн теңгеге жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде құбырлардың тозуы 65%-дан 40%-ға дейін төмендеп, 10,1 мың тұрғын сапалы қызметпен қамтамасыз етіледі.
Батыс Қазақстан облысында жалпы құны 1,9 млрд теңге болатын екі жоба аясында тозған электр желілері жаңартылуда. Атап айтқанда, Бөрлі, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарында 74% тозған 10/0,4 кВ желілер мен қосалқы стансалар жаңартылып, 307,8 км желі ауыстырылады. Жәнібек, Тасқала және Жаңақала аудандарында 79% тозған желілер жөнделіп, «Жаңақала–Маштексай» бағыты бойынша жаңа желі салынады. Жоба нәтижесінде 116,5 км желі жаңартылып, апаттық жағдайлар азаяды.
Оралда құны 1,1 млрд теңге болатын жоба аясында 60 жылдан астам пайдаланылып келе жатқан 0,4 кВ әуе және кабель желілері жаңартылуда. Тозу деңгейі 49%-ға жеткен желілерді жаңарту нәтижесінде 171 км желіні ауыстыру жоспарлануда.
Солтүстік Қазақстан облысында Тайынша ауданы, Железнодорожный шағын ауданының жылу трассасын 0,7 млрд теңгеге қайта жаңарту жоспарлануда.
Жылу трассасы ұзындығы 1,9 км, 1989 жылдан бері қолданыста. Аталған жоба Ремзавод ауданы мен Железнодорожный шағын ауданының екі қазандықтың бүкіл аумағын жылумен қамтамасыз етілуін жақсартып, қосымша абоненттерді қосуға мүмкіндік береді.
Бұл – ұлттық жобаның алғашқы кезеңі ғана. Қаржыландырылып жатқан жобалар 2029 жылға дейін жалғасатын инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасының бастауы болып табылады. Елдің энергетикалық және коммуналдық жүйелерін тиімді әрі сенімді етуге бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық қадамдар екенін атап өту маңызды.