Қазақстан туралы үздік роман авторы марапатталды

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Freedom Holding Corp. компаниясының демеушілігімен «Mecenat.kz» әдеби сыйлығының IV маусымының жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті.
Алматы, NEGE. Жыл сайын өткізілетін әдеби байқау қазіргі Қазақстанның шынайы бейнесін көркем тілмен бейнелейтін шығармаларды анықтап, талантты авторларды насихаттауды мақсат етеді. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған байқауға 21 автордан қазақ тілінде - 9, орыс тілінде - 12 қолжазба ұсынылып, халықтық онлайн дауыс беру нәтижесінде жас қаламгер Әлихан Жақсылықтың «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» атты романы үздік деп танылды.
Жеңімпазға Freedom Holding Corp. компаниясының еншілес ұйымы - «Freedom Finance Life» өмірді сақтандыру компаниясынан өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллары мөлшерінде төленетін ерікті аннуитеттік сақтандыру полисі табысталды.
Марапаттау рәсімінде ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Алиұлы құттықтау сөз сөйлеп, министрлік тарапынан жүзеге асырылып жатқан әдебиетті қолдау шаралары туралы айтты.
«Әдебиет - ұлттың рухани тірегі, ол сана мен сезімді тәрбиелеп, өткен мен бүгінді сабақтастырып, болашаққа бағдар береді. Мәдениет және ақпарат министрлігі қаламгерлерге қолдау көрсету мақсатында «Айбоз» әдеби сыйлығы, Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, «Дарын» жастар сыйлығы сынды маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағымен стратегиялық әріптестік аясында 3 жаңа жоба іске асырылды. Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауына байланысты, жас қаламгерлерге арналған «Ерлік пен еңбек дастаны» атты жаңа байқау жарияланды.Мұның барлығы - ұлттық әдебиетті дамытуға және шығармашылық қауымдастықты қолдауға бағытталған кешенді жұмыстардың нақты көрінісі. Бүгінгі байқаудың ерекшелігі – оның мемлекеттік бюджеттен тәуелсіздігі. Біз мұндай азаматтық бастамаларды жоғары бағалаймыз», - деді Рустам Алиұлы.
«Mecenat.kz» жобасының негізін қалаушы Ерлан Асқарбеков маусым сайынғы қатысушылар деңгейінің артып келе жатқанын атап өтіп, жеңімпаз туындылардың барлығы шет тілдеріне аударылып, баспадан шығып жатқанын жеткізді. Ал жоба меценаты, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов байқауды қолдау — компанияның адам әлеуетін дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиясының бір бөлігі екенін айтты.
Аталған жүлдені 2022 жылы «Күлпет» романымен жазушы Шархан Қазығұл жеңіп алса, 2023 жылы «Өлгендер қайтып келеді» романының авторы Тұрысбек Сәукетаев, 2024 жылы «Өмір бәйтерегі» романымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәуле Досжан иеленген.