USD
USD
USD

Қазақстан су ресурстарын басқаруда жаңа тәсілдерді қалай енгізуде?

Су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру және заманауи цифрлық инфрақұрылымды дамыту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығын цифрландыру бойынша бірқатар басым жобаны іске асырып жатыр.

Су ресурстары
Фото: NEGE/primeminister.kz

Астана, NEGE. Негізгі жобалардың бірі – қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған және саланың бірыңғай цифрлық экожүйесінің негізін қалыптастыратын Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі.

Жүйе жерасты суларын қоса алғанда, су объектілері мен су шаруашылығы инфрақұрылымы туралы деректерді біріктіріп, бірыңғай әрі сенімді деректер базасын қалыптастырады. Оның функционалы су балансын жүргізуді, су пайдалануды есепке алу және талдауды, су қоймаларының мониторингін, ғарыштық мониторинг технологияларын қолдануды, сондай-ақ трансшекаралық су объектілеріне қатысты деректермен жұмыс істеуді қамтиды. Жобаны іске асыру су ресурстарын басқарудың ашықтығын арттыруға және оларды ұтымды пайдалануға бағытталған. Қазіргі уақытта жүйе өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді.

Келесі кезеңде су тұтынуды ерте болжау жүйесін енгізу жоспарлануда. Ол су пайдаланушылармен өзара іс-қимылдың толық цифрлық циклін – өтінім беруден және шарт жасасудан бастап судың нақты тұтынылуын есепке алуға, шоттар ұсынуға, актілер қалыптастыруға және төлем жүргізуге дейінгі барлық процесті қамтамасыз етеді. Бұл басқару тиімділігін арттыруға, деректердегі сәйкессіздіктерді болдырмауға, адами фактордың әсерін азайтуға және су ресурстарын бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері Министрлік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен су беру жөніндегі шарттарды жасасу рәсімін электрондық форматқа көшіруде. Бүгінде «Қазсушар» РМК аграршылармен 29 мыңнан астам электрондық шарт жасасты. Алдағы уақытта цифрлық шешімдер су ресурстарына деген сұранысты болжау және оларды ұтымды бөлу ісінде маңызды құралға айналады.

Су ресурстары
NEGE/Су ресурстары және ирригация министрлігі

Сонымен қатар Министрлік ирригациялық каналдарды автоматтандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. ИДБ қаржыландыруының бірінші траншының бірінші кезеңі шеңберінде 2026 жылғы қаңтарда Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Алматы облыстары мен Жетісу облысының аумағында орналасқан жалпы ұзындығы 857 км болатын 103 ирригациялық каналда автоматтандыру жүйелерін енгізу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Аталған жұмыстарды 2027 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған.

ИДБ қаржыландыруының В.1.1 жұмсақ компоненті шеңберінде жалпы ұзындығы 434,1 км болатын 92 суару каналын автоматтандыру көзделген. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдарды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде.

«Қазсушар» РМК-ның инвестициялық бағдарламасы қаражаты есебінен 2026–2028 жылдары бұрын реконструкцияланған жалпы ұзындығы 1152 км болатын 270 ирригациялық каналды автоматтандыру жоспарлануда. 2026 жылы Жамбыл облысында жалпы ұзындығы 469 км болатын 86 ирригациялық каналды автоматтандыру көзделген. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдарды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде.

ПУИД-2 жобасы шеңберінде Түркістан облысындағы жалпы ұзындығы 1091,6 км болатын төрт ирригациялық каналда суды есепке алуды автоматтандыру жөніндегі іс-шаралар жалғасуда. Жобаны іске асыруды 2026 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған.

Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 4352,9 км болатын 342 ирригациялық каналды реконструкциялауды және автоматтандыруды көздейтін 221 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Қазіргі уақытта 129 жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, 31 жоба мемлекеттік сараптама органдарының қарауында, ал 67 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жалғасуда.

2024 жылдан бастап Қазақстанда Германияның Sydro Consult компаниясы әзірлеген TALSIM-NG гидрологиялық моделі енгізілуде. Ол су айналымын модельдеуге, су ағынын бағалауға, су тасқыны мен құрғақшылықты болжауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта модельдеу жұмыстары 11 өзен бассейнін қамтиды: Есіл, Нұра, Жайық, Сырдария, Шу, Талас, Тобыл, Ертіс, Жем, Сілеті және Ойыл. 2000–2025 жылдар аралығындағы архивтік гидрологиялық деректер өңделіп, кеңістіктік параметрлеу және модельдерді калибрлеу жұмыстары жүргізілді.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 10 су қоймасына келетін су ағыны бойынша 14 болжам, сондай-ақ 96 гидрологиялық бекет пен 72 есептік тұстама бойынша қысқа мерзімді және маусымдық болжамдар әзірленді.

2026 жылғы шілдеде Deltares компаниясымен платформаны Қазақстанның жағдайына бейімдей отырып одан әрі дамыту және мамандарды оқыту туралы келісім жасалды. Модельдерді басқару гидрологиялық модельдерді, бақылау және болжамдық деректерді біріктіретін Delft-FEWS платформасы арқылы жүзеге асырылады.

2026 жылдың соңына дейін 50 су қоймасы бойынша модельдеуді аяқтап, қамтуды тағы алты өзен бассейніне кеңейту жоспарлануда. Модельдерді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың суперкомпьютерлік қуаттарына көшіру есептеулерді 10–20 есеге жеделдетуге және бірнеше сценарий бойынша болжамдар жасауға мүмкіндік береді.

Осылайша, гидрологиялық модельдеу су ресурстарын басқарудың заманауи құралына айналып, су тасқыны, құрғақшылық және сумен қамтамасыз етілу деңгейіндегі өзгерістердің дамуын алдын ала бағалауға, төтенше жағдайлар тәуекелдерін төмендетуге және басқарушылық шешімдердің негізділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазір оқып жатыр

Қазақстан халықаралық банктен 6 млрд доллар қарыз тартады: Жұманғарин «алаңдауға негіз жоқ» дейді

Халықаралық банктен қарыз тарту

Мусин, Тукиев, Жатқанбаева: Тоқаев Конституциялық сот судьясы етіп кімдерді тағайындады?

Конституциялық сот судьялары

Әскери кемелер жасайтын «Зенит» зауыты сатылымға қойылды

Зенит

Оңтүстік Кореяның экс-бірінші ханымының жазасы қысқарды

Ким Гон Хи