USD
USD
USD

Қазақстан ірі халықаралық букмекерлік компанияның иелеріне іздеу жариялады

Қазақстанда халықаралық Pin-Up букмекерлік компаниясының иелері Дмитрий Пунин мен Марина Ильинаға іздеу жарияланды. Олар елде заңсыз онлайн-казино ұйымдастыруға қатысты тергеу аясында іздестіріліп жатыр.

.
Фото: NEGE

Астана, NEGE. 31 қазанда Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталында Пунин мен Ильина туралы мәлімет пайда болды. Іздеу ісі 30 қазанда тіркелген. Екеуіне де сот сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.

Заңсыз казино қалай жұмыс істеген?

Қаржылық мониторинг агенттігі бұл істі бір жылдан астам уақыттан бері тергеп жатыр. Тергеу мәліметінше, PIN-UP және PINCO брендтерімен жұмыс істеген онлайн-казинолардың қызметін шетелде жүрген адамдар тобы ұйымдастырған.

Олар заңсыз бизнесті жасыру үшін Қазақстанда ресми букмекерлік лицензиясы бар фирманы пайдаланған. Компания PIN-UP брендімен жұмыс істеген. Ойыншылардың ақшасы делдал компаниялардың шоттарына түсіп, кейін криптовалютаға айырбасталған.

Бұған дейін ҚМА АҚШ азаматы Дмитрий Дружинский мен Украина азаматы Марина Левкович-Гинзбургке халықаралық іздеу жариялаған. Тергеу мәліметінше, олар заңсыз ойын бизнесінің жұмысын үйлестіріп, төлем ұйымдары мен банктер арқылы ақша қабылдау және шығару жүйесін ұйымдастыруға қатысқан.

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, қазақстандықтар осы платформаларда шамамен 100 млрд теңге жоғалтқан болуы мүмкін. Алайда бұл сома әзірге ресми расталған жоқ.

Қайсар Қамзаның бұл іске қандай қатысы бар?

Аталған қылмыстық іс бойынша танымал блогер Қайсар Қамза да күдікті деп танылған.

ҚМА мәліметінше, блогер әлеуметтік желілерде PINCO онлайн-казиносын жарнамалап, қазақстандықтарды құмар ойындарға тартқан. Ол ойын платформасына адамдарды бағыттағаны үшін сыйақы алып отырған деген күдік бар.

Тергеу барысында Қамзаның криптоәмиянына онлайн-казино ұйымдастырушыларынан ақша түскені анықталған. Сот санкциясымен оның 182,7 мың USDT көлеміндегі криптоактивіне тыйым салынды.

Биыл 6 тамызда Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды.

13 тамызда ҚМА осы қылмыстық іс бойынша Дмитрий Пунин мен Марина Ильинаның да күдікті деп танылғанын хабарлаған.

Енді халықаралық Pin-Up бизнесінің иелері ретінде аталып жүрген Пунин мен Ильинаға іздеу жарияланды.

Тергеу жалғасып жатыр. 

Қазір оқып жатыр

Қазақстан соңғы 15 жылдағы ең мол астықтың бірін жинады

Астық

Көкшетауда бір ай бұрын әріптесінің мәйітін тапқан сот қызметкерінің өзі өлі табылды

Жол апаты

Семейде сот ғимаратының алдында өзін өртеген ер адам көз жұмды

Абай облысы соты

Атырау облысында ірі қара мал қырылып жатыр: шаруалар дабыл қақты

Ірі қара қырылуы