12 Мамыр 17:51
...

Қазақстан Президенті мен Абу Дабидің Тақ мұрагері «Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумына қатысты

Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумының жабылу салтанатына қатысты.

Астана, NEGE. Қол қойылған коммерциялық құжаттардың жалпы сомасы 5 млрд долларға жуық. Бұл экономиканың негізгі секторларын қамтиды. Қазақстанға 4,3 млрд доллардан астам инвестиция құйған БАӘ – еліміздің Шығанақ аймағындағы жетекші сауда және инвестициялық серіктесі. 

«Энергетика, логистика, қаржы, интеллектуалды технологиялар, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа түрлі салада ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүмкіндік мол. Masdar, Presight, Abu Dhabi Ports, Terminal Holdings және Аbu Dhabi Commercial Bank cекілді серіктестерімізбен бірге жүзеге асырып жатқан маңызды жобалар өзара ықпалдастықтың қарқын ала түскеніне айқын дәлел. Осы және басқа да бастамалар екіжақты қарым-қатынастың дәйекті әрі тиімді дамып келе жатқанын көрсетеді», – деді Қасым-Жомрт Тоқаев.

Бизнес форум аясында цифрлық технология дамуына, қаржы, урбанистика және «жасыл» экономика салаларындағы заманауи трендтерге арналған тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды. Екі елдің бизнес өкілдері B2B форматында кездесулер өткізді.

Форумға Әмірліктерден Абу Даби Экономикалық даму департаментінің, БАӘ сауда-өнеркәсіп палаталарының, сондай-ақ Masdar, AMEA Power, Abu Dhabi Ports Group және тағы да басқа ірі компаниялардың өкілдері қатысты.