Қазақстан мұнайы Германияға басқа бағытпен тасымалданады – Новак
Ресей Федерациясы премьер-министрінің орынбасары Александр Новак Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу бағыты өзгеретінін ресми мәлімдеді.
Астана, NEGE. Оның айтуынша, мұндай шешім қабылдауға техникалық жағдай себеп болған.
«1 мамырдан бастап бұрын Германияға "Дружба" бағытымен жеткізіліп келген қазақстандық мұнай басқа, бос логистикалық бағыттармен жөнелтіледі. Бұл қазіргі техникалық мүмкіндіктерге байланысты», – деп келтіреді Новактың сөзін «РИА Новости».
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та өз кезегінде Қазақстан мұнайын Германияға «Дружба» құбыры арқылы тасымалдау техникалық сипаттағы факторларға байланысты тоқтатылғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанның мүдделері толық сақталатынын, қажетті жеткізілім көлемі қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін Reuters агенттігі 1 мамырдан бастап Ресей Қазақстаннан «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға тасымалданатын мұнай экспортын тоқтатуды жоспарлап отырғанын жазған еді.
Кейін бұл ақпаратты энергетика министрі Ерлан Ақкенженов растады. Оның пайымдауынша, бұған Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына жасалған соңғы соққылар себеп болып отыр.
Ақкенженов келтірген дерек бойынша, Германиядағы Шведт мұнай өңдеу зауыты Қазақстаннан жеткізілетін шикізатқа 20-30%-ға тәуелді.
Өткен жылы Қазақстан осы бағыт арқылы 2,1 млн тонна мұнай экспорттаған, ал биыл бұл көлемді 3 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған.