Қазақстан мен Тәжікстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстанның көпжақты серіктестігінің берік негізі саналатын жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулерге баса мән беретінін айтты.
Алматы, NEGE. – Ең алдымен, ежелгі тәжік жеріне табаным тиген сәттен бастап көрсеткен сый-құрметіңіз бен қонақжайлық көңіліңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Біз – сенімді одақтас елдерміз. Қазақстан тарапы Тәжікстанның қазақ халқына деген тілеулес ниетін жоғары бағалайды. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Біз алға қарай жылжуымыз керек. Бұл сапар – ынтымақтастығымызды дамытуға тың серпін беруді көздейді. Бүгін Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылады. Меніңше, бұл құжаттың тарихи маңызы зор. Осы орайда бірқатар өзекті мәселе бойынша мазмұнды пікір алмасамыз деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Эмомали Рахмон екіжақты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Қазақстан мен Тәжікстанның стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Тәжікстанға қош келдіңіз! Елімізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуаныштымыз. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасымызға тың серпін беретініне сенімдімін. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастығымыз қарқынды дамып келеді. Сізбен екі ел ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективасын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға әзірмін, – деді Тәжікстан Президенті.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық, көлік-транзит, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары салаларындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Тәжікстан экономикасын дамытуға тың серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асырудың перспективалары қарастырылды.