28 Қараша 08:37
...

Қазақстан мен Ресей президенттері ҚазҰУ-дің Омбыдағы филиалын ресми түрде ашты

Ақорда
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалын ресми түрде ашу рәсіміне бейнебайланыс арқылы қатысты.

Алматы, NEGE. Салтанатты іс-шараға Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Ресейдің Жоғары білім және ғылым министрінің орынбасары Константин Могилевский қатысып, екі ел арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастық жөнінде баяндама жасады.

Мұнан соң мемлекеттер басшылары университет филиалын ашуға рұқсат берді. Сондай-ақ жиынға ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев пен ОмМУ ректоры Сергей Замятин қатысты.

Ресейде тұңғыш рет ашылған қазақстандық жоғары оқу орнының филиалына талапкерлерді қабылдау 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Қазақстан мен Ресей үкіметтері студенттерді оқыту үшін арнайы 200 грант бөлді.

ҚазҰУ-дің Омбыдағы филиалы «Халықаралық құқық», «Қазақ филологиясы» және «Кеден ісі» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалаврлар мен магистрларды даярлайды. Болашақта қос дипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылмақ.

Филиалдағы оқу үдерісін ұлттық университеттің оқытушы-профессор құрамы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізеді. Алдағы уақытта шетелдік ғалымдарды тарту көзделіп отыр.

Қазіргі уақытта филиалда оқу-әдістемелік қызметке арналған 10 кабинет жасақталған. Атап айтқанда, студенттер Шоқан Уәлиханов атындағы кеден ісі, Абай атындағы қазақ тілі және Нәзір Төреқұлов атындағы халықаралық құқық кабинеттерінде дәріс тыңдайды. Бұдан бөлек, басшылық пен профессор-оқытушылар құрамы үшін 5 кабинет, 7 оқу аудиториясы және коворкинг орталығы қарастырылған.