USD
USD
USD

Қазақстан мен Корея: саяси диалогтан технологиялық әріптестікке

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа мазмұнмен толықтыруға бағытталған маңызды қадам болды. Сапар аясында саяси диалог, экономикалық ынтымақтастық, гуманитарлық байланыстар және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қамтылды.

Жансая Нұралиева
Фото: Қоғамдық саясат институты

Астана, NEGE. Қоғамдық саясат институтының аға сарапшысы Жансая Нұралиеваның пікірінше, Қазақстан мен Корея арасындағы қатынастардың берік институционалдық негізі қалыптасқан. Екі елдің отыз жылдан астам уақыт бойы дамып келе жатқан саяси диалогы, көпжақты байланыстары, сондай-ақ Корея капиталы қатысатын өндірістік жобалар Қазақстанның Орталық Азиядағы серіктестерінен ерекшеленетін тұстарын айқындайды.

Сарапшы сапардың басты ерекшелігі қалыптасқан саяси және экономикалық байланысты жаңа өңірлік жағдаймен ұштастыруында екенін атап өтті. Оның айтуынша, ендігі міндет – инвестициялық ынтымақтастықты өндірістік кооперациямен толықтыру, кореялық технологияларды тарту, жаңа өндірістер ашу және «Орталық Азия – Корея» форматы аясындағы іс-қимылды жаңа деңгейге көтеру.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасын Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде атап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тұрақты түрде кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Бүгінде Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынастардың деңгейін қалай бағалайсыз?

— Қазақстан мен Корея арасындағы қатынастарды институционалдық негізі қалыптасқан стратегиялық серіктестік ретінде бағалауға болады. Дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 28 қаңтарда орнады. 1993 жылы Кореяның Қазақстандағы, 1996 жылы Қазақстанның Кореядағы елшілігі ашылды. Содан бері саяси диалог билік ауысымдарына қарамастан, сабақтастықпен дамып келеді.

Мұны жоғары деңгейдегі байланыстардың тарихынан да көруге болады. Қ.Тоқаев 2021 жылы Сеулге мемлекеттік сапармен барды. Яғни қазіргі сапар – отыз жылдан астам уақыт бойы қалыптасқан саяси диалогтың жалғасы әрі оны жаңа экономикалық мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік беретін кезең.

Қазақстанның өңірдегі ерекшелігінің бірі – саяси байланыстардың нақты экономикалық базаға сүйенуі. Елімізде корей капиталының қатысуымен 800-ге жуық компания жұмыс істейді, Қостанайдағы Kia зауыты сияқты ірі өндірістік жобалар бар. Бұған парламенттер арасындағы дипломатияны, «Орталық Азия – Корея» форумын, министрліктер мен бизнес арасындағы тұрақты байланыстарды қосуға болады.

Қазір Сеулдің Орталық Азияға қызығушылығы күшейіп келеді. Оның негізінде жеткізу тізбектерін әртараптандыру, минералдарға қол жеткізу, жаңа өндірістік алаңдар іздеу және Еуразиядағы экономикалық байланыстарды кеңейту мүддесі жатыр. Қазақстан осы жағдайда табиғи ресурстарымен қатар өндірістік инфрақұрылымы, инвестициялық тәжірибесі және Кореямен бұрыннан қалыптасқан институционалдық байланыстары арқылы ерекшеленеді.

— Бүгін Президент Қазақстандағы корей этносының елдің қоғамдық, мәдени және экономикалық өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын ерекше атап өтті. Бүгінде корё-сарам факторы Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынастардың тарихи символы ғана емес, нақты артықшылығы ретінде қаншалықты маңызды?

— Корё-сарам факторы екі ел арасындағы қатынастарға ерекше тарихи және адами сипат береді. Қазақстандағы корей қауымдастығы елдің ғылымына, мәдениетіне, кәсіпкерлігіне және қоғамдық өміріне елеулі үлес қосты. Бүгінде елімізде шамамен 118 мың этникалық корей тұрады.

Посткеңестік кеңістіктегі ең ірі корей этносы қауымдастығы Өзбекстанда, шамамен 174 мың адам. Қазақстан 118 мың адаммен екінші, Ресей 88 мың адаммен үшінші орында. Қазақстан мен Өзбекстанның өзінде 300 мыңға жуық корё-сарам тұрады. Бұл Орталық Азияны посткеңестік кеңістіктегі корё-сарам қауымдастығының негізгі орталығына айналдырып отыр. Корей қауымдастығы қазақстандық қоғамға терең кірігіп, тарихи жады мен Кореямен мәдени байланысты қатар сақтап қалды. Сондықтан ол – екі мемлекет арасындағы сенімнің әлеуметтік негіздерінің бірі.

— Мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяның мемлекеттік, қоғамдық және академиялық қайраткерлерін «Достық» орденімен марапаттады. Мұндай гуманитарлық қадамдардың екі ел арасындағы ұзақмерзімді сенімді нығайтудағы маңызы қандай? Олар экономикалық және саяси дипломатияны қаншалықты толықтыра алады?

— Бірқатар қайраткерлерді «Достық» орденімен марапаттау секілді қадамдар негізінен мемлекетаралық қатынастардың институционалдық негізін адами байланыстармен толықтырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұндай байланыстарға мән беруі Қазақстанның Кореямен қарым-қатынасты ұзақмерзімді әрі өзара сенімге негізделген серіктестік ретінде дамытуға ұмтылысын көрсетеді. Қазақстан тарапының Оңтүстік Корея қайраткерлерінің еңбегін мойындауы екіжақты қатынастарға үлес қосқан тұлғаларға берілген саяси әрі қоғамдық баға ретінде қабылданады.

Қазақстан мен Корея жағдайында мұның маңызы жоғары, себебі екі елдің байланысы тек атқарушы билік деңгейімен шектелмейді. Парламенттерде достық топтары жұмыс істейді, Ұлттық Ассамблея мен Қазақстан Парламенті арасында тұрақты байланыс қалыптасқан. 2023 жылы Кореяда «Орталық Азия – Корея» парламент спикерлерінің алғашқы конференциясы өтті. Бұған университеттер, ғылыми орта, мәдени ұйымдар және корё-сарам қауымдастығы арасындағы байланыстарды қосуға болады. Осындай гуманитарлық дипломатия экономикалық және саяси дипломатияның қосымша элементі ретінде ұзақмерзімді сенім капиталын қалыптастырады.

— Президенттің Сеулдегі кездесулерінің бірі БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунмен келіссөздері болды. Кездесу барысында жасыл өсім, тұрақты даму және БҰҰ-ны реформалау мәселелері талқыланды. Қазақстан Корея үшін екіжақты экономикалық ынтымақтастықтағы серіктес қана емес, жаһандық мәселелерді шешуге атсалысатын маңызды әріптеске айнала ала ма?

— Елдер арасындағы әріптестікке қажет саяси база бұрыннан қалыптасқан. Қазақстан мен Корея халықаралық ұйымдар аясында бір-бірінің бірқатар бастамалары мен кандидатураларын қолдап келеді. Мысалы, Сеул Қазақстанның 2017–2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуын қолдаса, Қазақстан да Кореяның Қауіпсіздік Кеңесіне кандидатурасына қолдау білдірді. Корея Қазақстанның ДСҰ-ға кіру үдерісін қолдаған, ал 2006 жылдан бері Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) толыққанды мүшесі. 2022 жылы Сеул Қазақстанның АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру бастамасын да қолдады.

Халықаралық күн тәртібіндегі жекелеген мәселелер бойынша екі елдің өзіндік ұстанымдары бар. Бұл – мемлекеттердің ұлттық мүдделері мен қауіпсіздік басымдықтарының ерекшеліктеріне байланысты қалыпты дипломатиялық тәжірибе. Сонымен қатар екі ел өзара түсіністік пен конструктивті диалогты сақтай отырып, ортақ мүдделерге сай келетін бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтіп келеді.

Пан Ги Мунмен кездесуде жасыл өсім, тұрақты даму және БҰҰ реформасының талқылануы екіжақты күн тәртібінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Кездесудің тағы бір маңызды қыры – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пан Ги Мунды БҰҰ жүйесіндегі бұрынғы бірлескен жұмыс тәжірибесі байланыстырады. Бұл Қазақстан мен Корея арасындағы өзара түсіністікті БҰҰ реформасы, тұрақты даму, жасыл өсім және халықаралық қауіпсіздік секілді кеңірек күн тәртібімен одан әрі дамытуға жақсы негіз қалыптастырады.

— Сапардың алғашқы іс-шараларының өзі саяси диалог, гуманитарлық байланыстар, экономика және жаһандық күн тәртібінің қатар қамтылып отырғанын көрсетеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Корея арасындағы қатынастардың жаңа кезеңге өткенін көрсететін қандай нақты нәтижелерді атап өтер едіңіз?

— Бұл сапардың ерекшелігі – бұрын қалыптасқан саяси және экономикалық базаның жаңа өңірлік жағдаймен тоғысуында жатыр. Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жылдан асты, жоғары деңгейдегі сапарлар тұрақты өтті, парламентаралық және көпжақты ынтымақтастық институттары қалыптасты. Сондықтан бүгінгі мәселе – екіжақты қарым-қатынастың сапасын жаңа деңгейге көтеру. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы прагматикалық ұстанымы Қазақстанның қалыптасқан серіктестіктерді нақты экономикалық және технологиялық нәтижелерге бағыттауына мүмкіндік беріп отыр. Осы тұрғыдан бірнеше бағытты атап өтуге болады.

Біріншісі – инвестициядан өндірістік кооперацияға көшу. Қазақстан үшін Кореядан келетін капиталдың көлемімен қатар оның құрылымы да маңызды. Минералдарды ел ішінде өңдеу, технология трансфері, бірлескен кәсіпорындар және экспортқа бағдарланған өндірістер нақты нәтиженің негізгі өлшеміне айналуы тиіс.

Екінші бағыт – екіжақты қатынастың өңірлік деңгейге көтерілуі. «Орталық Азия – Корея» форматы 2007 жылдан бері жұмыс істейді, 2016 жылы оның хатшылығы құрылды. Енді мемлекет басшылары деңгейіндегі саммиттің өткізілуі Сеулдің Орталық Азия саясатының институционалдық салмағын арттырады. Қазақстан бұл форматқа Кореямен бұрыннан қалыптасқан саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстарымен кіріп отыр.

Үшінші бағыт – күн тәртібінің кеңеюі. Саяси диалог пен дәстүрлі саудаға критикалық минералдар, жасыл экономика, цифрландыру, технология, энергетика, ғылым және жаһандық басқару мәселелері қосылып келеді.

Сондықтан сапардың нәтижесін қол қойылған құжаттардың санымен ғана бағалау жеткіліксіз. Егер сапар қорытындысында Қазақстанда терең өңдеу, жаңа өндірістер ашу, кореялық технологияларды енгізу және ғылыми-білім беру кооперациясын кеңейту бойынша нақты жобалар бекітілсе, мұны екіжақты қатынастардың жаңа кезеңінің басты белгісі ретінде бағалауға болады. Бұл Мемлекет басшысы айқындаған сыртқы саясаттағы нақты нәтижеге бағдарланған тәсілдің іс жүзіндегі көрінісі болмақ.

Қазір оқып жатыр

Қазақстанда стейблкоиндерді халықаралық саудада пайдалану мүмкіндігі қарастырылмақ

Стейблкоин

СІМ АҚШ-та қазақстандық әйел ұсталғаны жөніндегі ақпаратты растады

СІМ

QR төлемдерін ҚҚС-дан босату кәсіпкерлер комиссиясына бірден әсер етпеуі мүмкін

Kaspi

«Тобыл» футбол клубының жаңа иесі анықталды

«Тобыл» ойыншылары