Қазақстан мен Италия президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Италия арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастық берік саяси диалогқа, қарқынды экономикалық серіктестікке және тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарға арқа сүйейтінін атап өтті.
Астана, NEGE. Серджо Маттарелланың Астана мен Рим арасындағы серіктестікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосқанына назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Римге жасаған ресми сапары барысында Қазақстан – Италия ынтымақтастығына тың серпін берген маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгеніне тоқталды.
– Италия Қазақстанның үш ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Экономикалық ықпалдастығымыз өте қарқынды дамып келеді және оны одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Сіздің еліңіздің экспортты ұлғайту жөніндегі жоспарын құптаймыз. Италияның соңғы жиырма жылда экономикамызға құйған инвестициясы 7,6 миллиард долларға жетті. Бүгінде қазақ жерінде 250 италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ынтымақтастықты тереңдетудің перспективті бағыттарын айқындады. Оның ішінде аса маңызды шикізат материалдары, мұнай химиясы, машина жасау, көлік-логистика, жеңіл өнеркәсіп, тағам өнімдерін қайта өңдеу, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру салаларына баса мән берілді. Тараптар екі ел БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар аясында белсенді ықпалдастық орнатқанын атап өтті. Жемісті жұмыстардың үлгісі ретінде «Орталық Азия плюс» диалог алаңын, сондай-ақ биыл мамыр айында Астанада өткен «Орталық Азия – Италия» бірінші саммитін айтуға болады. Қазақстан тарапы Италияның аталған бастаманы іске асыруға қолдау көрсеткенін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонимен өткен достық кездесуді, сондай-ақ оның Астана халықаралық форумында басты спикер ретінде баяндама жасағанын ықыласпен еске алды. Кездесуде тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне де ерекше көңіл бөлді.
Осы орайда Қазақстан Президенті Астананың орталық көшелерінің бірін саяхатшы Марко Поло есімімен атау жөнінде шешім қабылданғанына тоқталып, мұны қос мемлекеттің берік достығының символы ретінде қарастыратынын мәлімдеді.