9 Маусым 13:14
...

Қазақстан мен Болгария президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Ақорда
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті атап өткендей, Румен Радевтің елімізге үлкен делегацияны бастап келуі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін береді. Мемлекет басшысы тауар айналымының тұрақты өсіп келе жатқанын, сондай-ақ оны ұлғайтуға мол әлеует бар екенін айтты.

Астана, NEGE. Статистикаға сәйкес, биылғы төрт айда өзара сауда-саттық көлемі 83 миллион доллардан асты, ал былтыр бұл көрсеткіш төрт есе артып, 375 миллион долларға жеткен.

– Қазақстан экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыруға және энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен туризм салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бейіл, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент болгар компанияларымен, инвесторларымен өзара ықпалдастықты қолдайтынын жеткізіп, бұл ретте Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия негізгі рөл атқаратынына тоқталды. Румен Радев қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Болгария мен Қазақстанның санқырлы ынтымақтастығының көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік мол екенін атап өтті.

– Болгария Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктесі санайды. Табыстың кілті – ықпалдастықта. Екі ел, сондай-ақ Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуда мемлекеттеріміздің стратегиялық тұрғыдан орналасуына арқа сүйеуіміз қажет. Бұл Азия мен Еуропаны байланыстыруда маңызды рөл атқарады, – деді Румен Радев.

Келіссөз барысында екіжақты күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен талқыланды. Тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға және қазақ-болгар қарым-қатынастарын дамытуға ықпал ететін жаңа бастамаларды жүзеге асыру ниетін растады.