Қазақстан Мажарстанға «Дружба» құбыры арқылы мұнай жеткізеді

2025 жылғы 17 ақпанда Астанада Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сияртоның кездесуі өтіп, оның барысында тараптар энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.
Астана, NEGE. Кездесу барысында министрлер екі елдің энергетика саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. «ҚазМұнайГаз» мен MOL Group компаниялары арасындағы мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар екі компания қатысатын Рожковское газ конденсаты кен орнын тиімді игерудің маңыздылығын атап өтті. «Дружба» құбыры арқылы Мажарстанға қазақ мұнайын жеткізу мәселелері көтерілді. 2025 жылға дейін сынақ жеткізілімдері туралы келісімге қол жеткізілді.
Қазақстандық тарап венгриялық әріптестердің атом электр станцияларына, атап айтқанда, MVM Group компаниясына арналған құрғақ салқындату мұнараларын өндірудегі тәжірибесіне қызығушылық танытты.
«Қазақстан Мажарстанмен стратегиялық әріптестікті жоғары бағалайды. Біз мұнай-газ секторында да, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында да энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін үлкен потенциалын көріп отырмыз. Бірлескен жұмыс елдеріміздің энергетикалық жүйелерінің тұрақты дамуына және энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін», - деді Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Кездесу соңында тараптар энергетика саласындағы өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға дайын екендіктерін айтып, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жоспарларын белгіледі.