Қазақстан құрамасы Молдоваға тағы да есе жіберді
Қазақстан футбол құрамасы Ұлттар лигасының бесінші турында Молдоваға 1:2 есебімен жеңілді.
Астана, NEGE. 13 қараша күні Кишиневтегі «Зимбру» стадионында өткен кездесуде есепті 39-минутта Молдова шабуылшысы Петру Попеску ашты. Алайда екінші таймның 51-минутында Қазақстан құрамасының ойыншысы Ислам Чесноков таразы басын теңестірді.
Матчтың 77-минутында Петру Попеску тағы бір гол соғып, дубль авторы атанды. Осылайша, Молдова құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Бұл – Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасының биылғы маусымында Молдоваға екінші рет жеңілуі. Қазан айында Астанада өткен алғашқы кездесуде де молдовалықтар дәл осындай есеппен басым түскен еді.
Бес турдан кейін C3 тобындағы турнир кестесі мынадай:
Словакия – 10 ұпай;
Молдова – 7 ұпай;
Фарер аралдары – 4 ұпай;
Қазақстан – 2 ұпай.
Джон ван ’т Схип бастаған Қазақстан құрамасы әзірге бірде-бір матчта жеңіске жеткен жоқ. Команда екі рет тең түсіп, үш рет жеңілген.
Қазақстан құрамасының топтық кезеңдегі соңғы кездесуі өз алаңында, Словакия құрамасына қарсы 16 қарашада өтеді.