Спорт
Қазақстан құрамасы Азиада-2026 ойындарында бір алтыннан айырылды
Қазақстандық спортшы Ясмина Тоқсанбаеваның Азиада-2026-да жеңіп алған алтын медалі қайтарып алынды. Бұған жарыс кезінде қолданған экипировкасының талапқа сай болмауы себеп болған.
Астана, NEGE. 27 қыркүйек күні Жапонияда өткен әйелдер арасындағы спорттық жүрісте Тоқсанбаева топ жарып, Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салған еді. Алайда кейін оның нәтижесіне наразылық білдіріліп, жарыс қорытындысы қайта қаралды.
Азиада-2026 ресми хаттамасына сәйкес, Тоқсанбаеваның нәтижесі экипировкаға қойылатын талаптардың бұзылуына байланысты жойылды.
Бұған дейін Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті World Athletics ұйымы Тоқсанбаеваның жарыста киген аяқ киімі рұқсат етілген жабдықтар тізіміне кіретін-кірмейтінін тексеріп жатқанын хабарлаған.
Спортшы өз Instagram парақшасында нәтижесінің жойылғанын растады.
«Мен халқыма алтын медаль сыйлағым келді. Бірақ жолымыздың қалай болатынын Жаратушы біледі, бұл да мені арманымнан тайдырмайды. Нәтиже жойылды. Біз соңына дейін күрестік», – деп жазды Тоқсанбаева.
Тоқсанбаеваның алтыны қарсыласы қытайлық спортшы Данцзин Цюйцзунға берілді. Күмісті оның отандасы Ли Ма, қоланы жапондық Юкико Умено иеленді.
Тоқсанбаеваның нәтижесі жойылғаннан кейін Қазақстан құрамасының Азиададағы алтын медаль саны тоғыз болып қалды. Жалпы медаль есебінде Қазақстан бесінші орында тұр.