Қазақстан-Қытай шекарасында көлік кептелісі болды

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы "Нұр Жолы" өткізу пунктінде ҚХР-ға бағыт алған көліктердің кептеліске түскені байқалған, деп хабарлайды Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті.
Алматы, NEGE. Қазақстандық тасымалдаушылардың шекарадан өтуге қажет шетелдік рұқсат бланкілерінің болмауынан кептеліс пайда болды. Бұл бланкілер екі елдің салалық көлік ведомстволары арасында өзара айырбасталады.
«Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Көлік министрлігімен бірлесіп белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір Қазақстан мен Қытайдың салалық ведомстволары қазақстандық тарапты қосымша шетелдік рұқсат бланкілерімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілуде, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ҚХР-дың Бас кеден басқармасымен де келіссөздер жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
«Нәтижесінде қытай тарапы қабылдайтын автокөліктің санын уақытша арттыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ, қытай өткізу бекеттерінде өткізуді арттыру және кедендік ресімдеуді жеделдету жөніндегі қосымша шаралар келісілді», - деп көрсетілді хабарламада.
Тасымалдаушылардың қаржы шығынын барынша азайту үшін ҚР ҚМ МКК «CarGoRuqsat» электрон кезек жүйесінің әкімшісі – «АЭО» АҚ-мен бірлесіп, белсенді броньдардың қолданылу мерзімін 72 сағатқа ұзарту туралы шешім қабылдады.
«Бұл тасымалдаушыларға жүйенің жаңартылған жұмыс қағидаларына сәйкес бронь үшін төленген 1 АЕК сомасын және 20 АЕК көлеміндегі кепілдік жарнаны сақтауға, сондай-ақ шетелдік рұқсаттардың берілуі қайта басталғаннан кейін өткізу тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп түсіндірілді хабарламада.
Бұдан бөлек, Қытай Халық Республикасының Көлік министрлігінен "С" санатындағы жаңа рұқсат бланкілері партиясы түскеннен кейін, өтініш беріп үлгермеген отандық тасымалдаушылар белгіленген тәртіппен бұрын брондалған кезек арқылы бланкілерді рәсімдеп, алуға мүмкіндік алады.
МКК жағдайдың тұрақты бақылауда екенін хабарлады. Қабылданып жатқан барлық шара автокөлік өткізу режимін жедел қалпына келтіруге және көлік ағынының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Комитет түсіністік танытқаны үшін тасымалдаушыларға алғыс білдіреді және шетелдік рұқсат бланкілерінің жаңа партиясы келгенге дейін өткізу пункттеріне уақытша бармауды сұрайды», - делінген хабарламада.