Астана, NEGE. Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, Қазақстан үшін Қытай инвестициясының тиімділігін бағалауда тартылған капитал көлемімен шектелмей, ел ішінде қалыптасатын қосылған құнға, өндірісті жергіліктендіруге және қазақстандық компаниялардың өндірістік кооперацияға қатысуына басымдық берген жөн. Сарапшы сондай-ақ жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым, атом энергетикасы және жоғары технологиялар бағытындағы жобалардың жаңа технологиялар мен адам капиталын дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
— Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ерекше мән беріп келеді. Президенттің осы бағыттағы бастамалары еліміздің инвестициялық әлеуетін арттыруға және жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға қалай ықпал етіп отыр?
— Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық байланыстардың жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл екі ел арасындағы қатынастардың саудадан инвестицияға, ал инвестициядан өндірістік кооперацияға қарай ойысып келе жатқанын көрсетеді деп айтар едім.
Бұған дейін Қытаймен байланыста тауар айналымы басым болса, қазір ынтымақтастықтың ауқымы кеңейіп, өндіріс, логистика, цифрландыру, энергетика, ауыл шаруашылығы және жоғары технология салаларын қамтып отыр. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 30 миллиард долларға жетті. Ал Қазақстан экономикасына тартылған Қытай инвестициясының көлемі 29 миллиард доллардан асты.
Бұл Қазақстан үшін екі үлкен мүмкіндік береді. Біріншісі – капитал тарту болса, екіншісі – сол капиталмен бірге технология, басқару тәжірибесі және жаңа өндірістерді дамыту мүмкіндігінің келуі. Дегенмен инвестицияның тиімділігін тек оның долларлық көлемімен өлшеуге болмайды. Біз үшін маңыздысы – қанша жаңа жұмыс орны құрылды, қанша өнім Қазақстанда өндірілді, қанша жаңа технология игерілді деген мәселелер. Яғни инвестицияның нақты экономикалық әсеріне, оның Қазақстан экономикасында қанша қосылған құн қалыптастыратынына баса мән берген жөн.
— Жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 бірлескен жобаның жүзеге асуы Қазақстанның өндірістік әлеуетін арттыруға қалай ықпал етеді?
— Бұл Қазақстанның өндірістік құрылымын өзгертуге мүмкіндік беретін үлкен мүмкіндік.
Президенттің мәліметінше, қазіргі инвестициялық портфельдің жалпы көлемі 62 миллиард доллардан асады және ол 260-тан астам бірлескен жобаны қамтиды. Олардың қатарында автомобиль өндірісі, кремний, металлургия, мұнай химиясы, энергия сақтау жүйелері және агроөнеркәсіп салаларындағы жобалар бар. Мысалы, автомобиль кластері Қазақстанда тек көлік құрастырумен шектелмей, қосалқы бөлшектер өндірісін, сервистік қызметтерді, логистиканы және инженерлік қызметтерді қатар дамытса, оның экономикаға беретін мультипликативті әсері әлдеқайда жоғары болады.
Сондықтан бұл жерде бір маңызды мәселені атап өткен жөн: 260 жоба – бұл мүмкіндік, бірақ әлі нәтиже емес. Нақты нәтиже зауыт іске қосылып, өнім өндіріле бастағанда, экспорт жолға қойылғанда және қазақстандық кәсіпкерлер осы өндірістік тізбекке белсенді қосылғанда көрінеді.
— Қазақстан мен Қытайдың цифрландыру, жасанды интеллект және жаңа технологиялар саласындағы серіктестігі отандық экономиканың технологиялық дамуына қандай серпін бере алады?
— Біріншіден, бұл – ең стратегиялық бағыттардың бірі. Өйткені бүгінгі таңда экономикадағы бәсекелестік артықшылығымызды әлі де табиғи ресурстар мен салыстырмалы түрде арзан жұмыс күшіне сүйеніп қалыптастырып отырмыз.
Өндірістік қуаттарды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру экономиканың жаңа өндірістік факторларына айналып келе жатқанының айқын көрінісі. Қазақстан Қытаймен осы бағытта жасанды интеллект, дата-орталықтар, роботтандыру және цифрлық логистика салаларындағы нақты жобаларды дамытып келеді. Мысалы, Президент бұған дейін екі ірі дата-орталық жобасының Қазақстан мен Орталық Азияның цифрлық инфрақұрылымындағы маңызды элементтерге айналатынын атап өткен.
Бұл – Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Дайын технологияны сатып алумен ғана шектелмей, өз мамандарымызды даярлау, инженерлік құзыреттерді қалыптастыру және отандық жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу маңызды. Сонда Қытай инвестициясы тек капитал тарту құралы емес, технологиялық трансферді қамтамасыз ететін маңызды тетікке айналады.
— Қазақ-қытай инвестициялық қорының құрылуы мен форумды жыл сайынғы инвестициялық диалогқа айналдыру Қазақстанға жаңа инвестициялар тарту тұрғысынан қаншалықты маңызды?
— Қазақстан-Қытай инвестициялық форумынан көріп отырғанымыздай, тұрақты әрі тиімді инвестициялық институционалдық тетіктердің болғаны маңызды. Қазақстанның инвестициялық форумын құру туралы бастаманың инвестициялық үдерістерді жеделдетуге және рәсімдерді қысқартуға бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырылып отырғанын көрдік. Сонымен қатар форум барысында жыл сайынғы инвестициялық іс-шараларды Қазақстан-Қытай форматында өткізу туралы ұсыныс айтылды.
Яғни мұның мәні – инвестордың Қазақстанға бір реттік жоба үшін келуімен шектелмей, одан әрі қаржыландыру, жер телімі, инфрақұрылым, өндіріс және экспорттық тізбек бойынша тұрақты қолдау көрсететін жүйенің қалыптасуы. Қазақстанда қосылған құны жоғары өндірістерге басымдық берілуі бұл экономикалық әсерді одан әрі күшейте түседі.
— Президенттің Қытайдың жетекші компанияларымен тікелей келіссөздер жүргізуі Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін танытуға және жаңа жобаларды нақты нәтижеге айналдыруға қаншалықты ықпал етеді?
— Президенттің Қытайға сапарының маңызына тоқталсақ, әр салада, әсіресе жоғары технологиялық бағыттарда мемлекеттің жоғары деңгейдегі саяси қолдауы маңызды сигнал береді. Президенттің ірі компаниялардың басшыларымен тікелей келіссөздер жүргізуі инвесторларға Қазақстанның нақты жобаларға саяси және институционалдық деңгейде назар аударып отырғанын көрсетеді.
Қытайдың жоғары технологиялық компанияларымен өткен кездесулер барысында автомобиль өндірісі, жасанды интеллект, дата-орталықтар және басқа да технологиялық бағыттар талқыланды. Дегенмен мұндағы ең маңызды мәселе – осы келіссөздерден кейінгі нақты жұмыс. Инвестор үшін мемлекеттің нақты қолдауы, дайын инфрақұрылымның болуы, тұрақты әрі түсінікті ережелер, ел ішіндегі логистиканың жолға қойылуы және жобаны іске асыруға қажетті жағдайлардың жасалуы маңызды.
Сондықтан Президент деңгейіндегі келіссөздер жобалардың басталуына қажетті саяси және институционалдық негіз қалыптастырады. Ал оның нақты нәтижеге айналуы мемлекеттік органдар мен бизнестің кейінгі үйлесімді жұмысына тікелей байланысты.
— Қытайлық инвесторлардың жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым, атом энергетикасы және өнеркәсіптік кооперация сияқты жаңа бағыттарға қызығушылық танытуы Қазақстан экономикасының технологиялық дамуына қандай мүмкіндік береді?
— Бұл – өте маңызды өзгеріс. Қытай капиталы Қазақстанға тек шикізат секторына ғана емес, жаңа технологиялық бағыттарға да келе бастады.
Мысалы, атом энергетикасы бойынша екі ел арасында арнайы жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ азаматтық ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазақстан үшін мұның пайдасын үш бағытта қарастыруға болады. Біріншісі – капитал, екіншісі – технология, үшіншісі – адам капиталы. Үшіншісіне тоқталатын болсақ, егер технология Қазақстанға келіп, бірақ оны басқаратын мамандардың барлығы сырттан тартылса, оның экономикалық әсері белгілі бір деңгейде шектеледі. Сондықтан инвестициялық келісімдерде өндірісті жергіліктендіру, кадр даярлау және қазақстандық компаниялардың кооперацияға қатысуы сияқты мәселелер маңызды көрсеткіштер ретінде қарастырылуы керек деп ойлаймын.
— Fufeng Group-тың Жамбыл облысындағы жобасы аясында отандық фермерлермен ұзақмерзімді серіктестік, мамандар даярлау және R&D орталығын құру жоспарлары Қазақстанда жаңа өндірістік әрі ғылыми экожүйе қалыптастыруға қалай әсер етеді?
— Мен оны қарапайым зауыт ретінде емес, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті байланыстыратын кластер құру мүмкіндігі ретінде қарастырар едім. Жамбыл облысында бұл жобаның бірінші кезеңіне 300 миллион доллар инвестиция салу қарастырылып, жылына 500 мың тоннаға дейін жүгері өңдеу жоспарланған. Екінші кезеңде өндірістік қуатты 3 миллион тоннаға дейін арттыру үшін тағы да 1,5 миллиард долларға дейін инвестиция салу жоспарланып отыр. Жоба шамамен 1,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Ең маңыздысы – компанияның қазақстандық фермерлерден жүгері сатып алуы, мамандар даярлауы, университеттермен бірлескен білім беру бағдарламаларын ашуы және өндірістік база негізінде арнайы орталықтар құру мүмкіндігінің қарастырылуы. Мұның мультипликативті әсері болуы мүмкін. Яғни фермер жүгері өндірісіне қатысады, одан әрі оны қайта өңдеу, биотехнология, жаңа өнімдер шығару және экспорт бағыттары дамиды.
Үшіншіден, бұл ғылым мен маман даярлау мәселесіне келіп тіреледі. Егер бұрын шикізатты сырттан сатып алып келген болсақ, енді оның қосылған құнын Қазақстанның ішінде қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Жалпы қорытындылайтын болсам, Қазақстан–Қытай инвестициялық байланысының қазіргі кезеңінде біз үшін ең маңызды мәселе – «Қытайдан қанша инвестиция тарттық?» деген сұрақтан «Қазақстан экономикасында қанша қосылған құн қалды?» деген сұраққа ауысу. Алдағы уақытта осы көрсеткішке басым мән беруіміз керек деп ойлаймын.
Егер бұл жобалар жергілікті шикізатты, қазақстандық кадрларды, отандық ғылымды және жергілікті өндірістік тізбекті қамтыса, онда инвестицияның экономикалық әсері әлдеқайда жоғары болады. Қазақстанның мақсаты тек капитал тартумен шектелмеуі керек. Ең маңыздысы – Қазақстанды өндірістік, технологиялық және логистикалық орталыққа айналдыру.