«Қазақстан халқына» қоры талапкерлерге 350 грант бөлді
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2026-2027 оқу жылына талапкерлердің жоғары оқу орындарында білім алуына 350 білім грантын бөлді.
Астана, NEGE. Білім беру грантына ауылдық елді мекендер, шағын және моноқалаларда орналасқан мектептердің 25 жасқа дейінгі (қоса алғанда) түлектері үміткер бола алады. Ол үшін талапкер мына санаттардың біріне жатуы керек:
- жетім балалар және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұлғалар;
- мүгедектігі бар тұлғалар;
- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары, сондай-ақ ата-анасының мүгедектігі бар талапкерлер.
Грант иегерлерінің оқу ақысына жылына 1 млн теңгеге дейін төленеді. Сонымен қатар оларға оқу кезеңінде ай сайын 60 мың теңге шәкіртақы беріледі. Шәкіртақы жазғы демалыс айларын қоспағанда, жылына 10 ай төленеді.
Үміткерлерді жоғары оқу орындары ҰБТ нәтижесі бойынша және оқуға түсу үшін белгіленген ең төменгі балды жинаған талапкерлер арасынан іріктейді. Шығармашылық білім беру бағдарламалары бойынша шығармашылық емтихан нәтижелері де ескеріледі.
Бағдарламаға қатысатын жоғары оқу орындарының тізімі, бөлінген гранттар саны және оларды беру тәртібі туралы толық ақпарат «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресми сайтында орналастырылған.
Бұдан бөлек, әкімдіктер бөлетін мемлекеттік білім беру гранттарына өтініш қабылдау басталды.