«Қазақстан халқына» қоры 2 жыл ішінде 90,9 млрд теңгеге көмек көрсетті
Қор қызметінің басым бағыттары – қазақстандықтарға денсаулық сақтау, әлеуметтік салада, білім беру, мәдениет және спорт салаларында көмек көрсету. Сондай-ақ төтенше жағдайларда зардап шеккен азаматтарға қол ұшын созу.
Алматы, NEGE. «Қор бағдарламалары еліміздің барлық 20 өңірінде іске асырылады және ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларға баса назар аударылады. 2022 жылы біз қайырымдылық бойынша үлкен ұлттық конференция өткіздік. 43-Zoom конференциясына 1173 ҮЕҰ қатысты. Бізбен бірге олар қордың жұмысы үшін қандай бағыттар ең өзекті болатынын айқындады. Қор өзінің қызмет ету мерзімінде жалпы сомасы 177 млрд теңгеге іске асыруға жоспарланған 67 қайырымдылық бағдарламалар мен жобалардың бастамашысы болды», - деді «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында.
Қордың ресурстары қайырымдылық жарналары есебінен қалыптастырылды. Қазіргі уақытта Қорға 196,6 млрд теңге түсті, оның ішінде екі жылда Қор жалпы сомасы 90,9 млрд теңгеге көмек көрсетті. Негізгі сома қазақстандық кәсіпорындардан түсті. Сонымен қатар, жеке тұлғалар да қаржы аударады.