USD
USD
USD

Қазақстан халықаралық банктен 6 млрд доллар қарыз тартады: Жұманғарин «алаңдауға негіз жоқ» дейді

23 қыркүйектегі Құрылтай отырысында депутаттар Қазақстан Үкіметі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялады.

Халықаралық банктен қарыз тарту
Фото: magnific.com

Астана, NEGE. Қазақстан бұл келісімді ратификациялағаннан кейін алғашқы бес жылда экономикаға шамамен 6 млрд долларға дейінгі көлемде жеңілдетілген шарттармен ұзақ мерзімге қаржы тартуды жоспарлап отыр.

Құрылтай депутаты Гүлназ Атамқұлованың нақтылауынша, жобаны ратификациялағаннан кейін аталған қарыздарды мемлекеттік кепілдікпен тарту мүмкіндігі өзгереді. Бұл жеке компанияларға халықаралық қаржы тартуға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда жауапкершілік қарыз алушы тарап пен қаржы институты арасында бөлінеді.

«Банктің талаптары ең алдымен жобаны іске асыруға бастамашы болған тарапқа қойылады. Ол банктің ішкі ережелеріндегі талаптарға сай болып, қажетті құжаттарды ұсынуы керек. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, заңнама және әлеуметтік-экологиялық талаптар сақталуы тиіс», – деп түсіндірді депутат осы тақырыпқа арналған брифингте.

Оның сөзінше, халықаралық банктің талаптары қатаң. Жобаны іске асыру кезінде жергілікті халықтың жағдайы, азаматтардың көзқарасы және қоршаған ортаға ықтимал әсері ескеріледі.

Атамқұлова мұндай қаржының салыстырмалы түрде арзан әрі ұзақ мерзімге тартылуы мүмкін екенін атап өтті. Қарыз 35 жылға дейінгі мерзімге берілуі мүмкін. Мұндай жобалар, негізінен, автомобиль және теміржол инфрақұрылымы, сондай-ақ адамдардың қауіпсіздігіне қатысты салаларда іске асырылмақ.

Бұл ретте премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның халықаралық банктен қарыз тартуына байланысты ел азаматтарын алаңдамауға шақырды. Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 38,5 трлн теңге болған. 

«Бұл – ЖІӨ-нің 20,9 пайызы. Үкіметтің қарызы – ЖІӨ-нің шамамен 20 пайызы. Біз қарызы төмен елдердің қатарына жатамыз. Кейбір елдерде бұл көрсеткіш 100 пайыздан асады. Сондықтан біз қандай қарыз және кімнен алып жатқанымызды өте мұқият қадағалаймыз. Қарызымыздың 75 пайызы – ішкі қарыз. Сонымен қатар капиталымыз да жеткілікті. Сондықтан бұл тұрғыда Қазақстан азаматтары алаңдамаса болады», – дейді Жұманғарин.

Оның айтуынша, мемлекет қарызды оны қалай өтейтінін алдын ала есептей отырып тартады. Мысалы, теміржол жобаларында қарызды тариф арқылы, ал автомобиль жолдарында оларды пайдаланудан түсетін кіріс есебінен өтеу көзделеді.

Жеке компаниялардың қарызы бөлек қаралады. Мәселен, жеке компания жел электр станциясын салса, алған қарызын жобадан түсетін кіріс есебінен өзі өтейді.

Министрдің айтуынша, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен тартылатын қарыз есебінен жақын арада бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру басталады. Оның ішінде «Жезқазған – Қарағанды», «Ақтөбе – Қарабұтақ –Ұлғайсын», «Атырау – Доссор» және «Мойынты – Қызылжар» автомобиль және теміржол бағыттарын реконструкциялау жобалары бар.

Қазір оқып жатыр

Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің төрағалығына Ерлан Қошановты ұсынды

Ерлан Қошанов

Қазақстандағы шипажайлардың өзі емге мұқтаж – депутат

Екатерина Смолякова

Қазақстан су ресурстарын басқаруда жаңа тәсілдерді қалай енгізуде?

Су ресурстары

Мусин, Тукиев, Жатқанбаева: Тоқаев Конституциялық сот судьясы етіп кімдерді тағайындады?

Конституциялық сот судьялары