USD
USD
USD

Қазақстан бюджет тапшылығын жабу үшін тағы 2,5 млрд долларға дейін қарыз тартпақ

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау мәселесі қаралды.

салық
Фото: freepik.com

Астана, NEGE. Келісімге сәйкес, Қазақстан Дүниежүзілік банктен 92,3 млрд жапон иенасы көлемінде, яғни шамамен 600 млн АҚШ доллары мөлшерінде қарыз алады. Қарызды өтеу мерзімі – 11 жыл. Оның ішінде алғашқы бес жыл жеңілдік кезеңі ретінде белгіленген.

Қарыздың пайыздық мөлшерлемесі TONA индикаторына және өзгермелі спрэдке негізделеді. Сонымен қатар, қарыз сомасының 0,25 пайызы көлемінде біржолғы комиссия және игерілмеген қалдық үшін жылына 0,25 пайыз комиссия қарастырылған.

Бұдан бөлек, Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен тағы 400 млн АҚШ доллары көлемінде қарыз тартуды жоспарлап отыр. Бұл қарыздың  пайыздық мөлшерлемесі жылдық 1,2 пайызды құрайды.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің сөзінше, қарызды жапон иенасымен алудың негізгі себебі – пайыздық мөлшерлеменің төмендігінде.

«Бүгін халықаралық институттармен бірлесіп, соңғы бес жылға сценарийлік талдау жүргіздік. Осы кезеңде теңге мен жапон иенасы арасындағы бағамның арақатынасы сақталып келеді. Біз әртүрлі сценарийлер бойынша есептеулер жасадық. Тіпті жағдай нашарлаған күннің өзінде де жапон иенасымен қарыз алу біз үшін тиімді болып отыр», – деді министр. 

Сондай-ақ Қаржы министрлігі халықаралық қаржы нарығында 1–1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде еурооблигациялар орналастыруды көздеп отыр.

Үкіметтің мәліметінше, тартылатын қаражат экономиканың тұрақтылығын қолдауға және республикалық бюджет тапшылығын жабуға бағытталады. Ал қарыздарға қызмет көрсету мен оларды өтеу республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Бұған дейін Мәди Такиев мемлекеттік борыш көлемі 36,4 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің шамамен 22,8 пайызын құрайтынын айтқан. Оның сөзінше, бұл белгіленген қауіпсіз шектен, яғни ЖІӨ-нің 34 пайызынан әлдеқайда төмен.

Қазір оқып жатыр

Қытайдағы жарыста Назым Қызайбай мен Виктория Графеева топ жарды

.

Ақтөбедегі қайғылы оқиға: АГҚС иесі уақытша ұстау изоляторына қамалды

.

Үкімет жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу үшін шекарадағы бақылауды күшейтеді

.

Ақтөбеде өртенген көліктен үш адамның денесі табылды

.