USD
USD
USD

«Қазақстан барысы» атанған Айбек Нұғымаров аудан әкімі болып тағайындалды

Екі дүркін «Қазақстан барысы» атанған палуан Айбек Нұғымаров Абай облысы Аягөз ауданының әкімі қызметіне тағайындалды.

Айбек Нұғымаров
Фото: instagram.com/aibeknugymarov_official

Астана, NEGE. Бұл жөнінде облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«"Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңның 25 бабына сәйкес ҚР Президенті әкімшілігінің, Аягөз аудандық мәслихаты депутаттарының келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Аягөз ауданының әкімі лауазымына Айбек Серікболұлы Нұғымаров тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.

Өңір басшысы Берік Уәли Аягөз ауданының активіне ауданның жаңа әкімін таныстыра отырып, Айбек Нұғымаровтың тәжірибесі жеткілікті екенін, осы уақыт ішінде ол өзінің іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетін таныта білгенін атап өтті. Сондай-ақ ол жаңа басшының ауданның одан әрі дамуына аянбай қызмет ететініне сенім білдірді.

Айбек Нұғымаров Абай ауданының Құндызды ауылында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтын «Дене шынықтыру», Қазақ инновациялық гуманитарлық -заң университетін «Заңгер» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Семей қаласындағы қазақ күресі бөлімінде оқытушы-жаттықтырушы болып бастаған.

Әр жылдары Шығыс Қазақстан облысының жоғары спорт шеберлігі мектептерінде нұсқаушы-әдіскер, қазақ күресінен жаттықтырушы-оқытушы болып еңбек етті, Семей қаласындағы Көлік колледжін басқарды.

Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметін атқарды.

Айта кетейік, Айбек Нұғымаров 2013 және 2019 жылдары «Қазақстан барысы» атанған болатын.

Қазір оқып жатыр

Азия ойындары: Қазақстан қоржынына үшінші алтын түсті

.

Екі алтын, екі қола: Қазақстан Азия ойындарын сәтті бастады

.

Алматы тау кластері: Қазақстан туризмінің болашағы қандай?

 Kazakh Tourism Development

Тоқаев Жеңіс Қасымбекті тағы да мақтады

.