Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяда қалай заңды жұмысқа орналаса алады?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Корея Республикасында жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға іріктеу тәртібін түсіндірді.
Астана, NEGE. Министрлік мәліметінше, практикалық іріктеу Алматы қаласында Employment Permit System (EPS) орталығы ашылғаннан кейін басталады. Орталықта кандидаттардың корей тілін қаншалықты білетіні EPS-TOPIK тесті арқылы анықталып, кәсіби білімі мен дағдылары бағаланады.
«Кореяға жұмысқа баруға 18-ден 39 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Бұл ретте азаматтың сотталмаған болуы, Корея Республикасынан бұрын күштеп шығарылмағаны және елге кіруге тыйым салынбағаны ескеріледі. Сондай-ақ Қазақстаннан шетелге шығуына ешқандай шектеу болмауы қажет. Кандидаттар белгіленген талаптарға сай балдық жүйе арқылы бағаланады», – дейді ведомство өкілдері.
Қажетті талаптарға сай келіп, медициналық тексеруден өткеннен кейін азаматтар ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енгізіледі. Жеке мағлұматта білімі, кәсіби тәжірибесі, сертификаттары, тестілеу нәтижелері және қандай жұмысқа орналасқысы келетіні туралы мәліметтер көрсетіледі.
«Бұл ретте маңызды нәрсеге назар аудару қажет: емтиханнан өту және ресми кандидаттар тізіміне енгізілу азаматтың Кореяда автоматты түрде жұмысқа орналасатынын білдірмейді. Кандидаттарды түпкілікті таңдау құқығы корейлік жұмыс берушіге тиесілі. Яғни жұмыс беруші тіркелген кандидаттардың арасынан өзіне қажетті қызметкерді өзі таңдайды», – делінген министрлік хабарламасында.
Кандидатты таңдаған соң жұмыс беруші еңбек шартын ұсынады. Оның алдында қандай жұмысты атқаратыны, жұмыс уақыты, еңбек жағдайлары және басқа да маңызды талаптар түсіндіріледі. Екі тарап қол қойғаннан кейін қызметкерге еңбек шартының түпнұсқасы беріледі.
Кореяға жұмысқа баратын азаматтар Алматы қаласындағы EPS орталығында дайындықтан өтеді. Дайындық аяқталып, жұмыс визасы рәсімделгеннен кейін азамат Кореядағы жұмыс орнына аттанады.
«EPS жүйесі бойынша жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін болуы мүмкін. Заңнамада көзделген жағдайларда бұл мерзімді тағы бір жыл он айға дейін ұзартуға болады. Белгіленген жұмыс мерзімін толық аяқтап, Қазақстанға өз еркімен қайтып келген жұмысшыларға Корея Республикасына кейін қайта бару үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар қарастырылған», – дейді министрлік өкілдері.
Бұл ретте Еңбек министрлігі бірде-бір жеке делдал Кореяда жұмысқа орналасуға кепілдік бере алмайтынын алға тартып, оларға ақша мен құжат беріп, алданып қалмауға кеңес береді. Өйткені кандидаттарды корейлік жұмыс беруші таңдайды.
EPS жүйесі бойынша Корея Республикасына жұмысқа қабылданатын Қазақстан азаматтарының саны жыл сайын Корея тарапы айқындайтын квотаға сәйкес белгіленеді.
Қосымша ақпараттар министрліктің ресми ресурстарында жарияланады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан ресми түрде Оңтүстік Кореяның Employment Permit System (EPS) – шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат беру жүйесіне қатысушы елдердің қатарына енгізілгенін, соған сәйкес 2028 жылдан бастап қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істей алатынын жазған едік.