USD
USD
USD

Қазақстан астығын экспорттаумен шектелмеуі керек: депутат агросектордағы басты мәселені атады

Қазақстан биыл 24,5 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімін жинады. Құрылтай депутаты Мағжан Ералиевтің сөзінге, агросектордың әлеуетін толық пайдалану үшін шикізат экспорттаумен шектелмей, өнімді терең өңдеу мен дайын тауар экспортын дамыту қажет.

Ауыл шаруашылығы
Фото: Үкімет

Астана, NEGE. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының стратегиялық маңызы бар салаларының бірі. Оның тұрақты дамуы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, отандық өндірістің әлеуетін арттыруға және Қазақстанның халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Осы бағытта өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, өнімді терең өңдеу, инвестиция тарту және заманауи технологияларды енгізу мәселелері де өзекті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты бірқатар маңызды міндетті атап өтті. Олардың қатарында саланы қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту, шаруаларды қолдау және климаттық тәуекелдерді басқару мәселелері бар.

Құрылтай депутаты Мағжан Абзалұлы Ералиев агросектордың даму қарқынына баға беріп, ауыл шаруашылығын қаржыландырудың қолайлы тетіктері, өнімді терең өңдеу, экспорттық әлеует және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы міндеттер туралы пікір білдірді.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтті. Соңғы жеті жылда азық-түлік өндірісінің 28 пайызға өсуі және агроөнеркәсіп өнімдері экспортының екі есеге артуы саланың даму қарқыны туралы қандай қорытынды жасауға мүмкіндік береді?

— Биылғы ауыл шаруашылығы маусымының қорытындысы жаман емес. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, елімізде 24,5 миллион тонна ауыл шаруашылығы дақылы жиналды. Ал агроөнім экспорты екі есеге өсіп, 7 миллиард долларға жақындады. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сондықтан олардың еңбегін ерекше атап өту керек.

Дегенмен сандық өсім әлі де сапалы даму дегенді білдірмейді. Саланың тұрақты дамуы үшін өндіріс көлемін арттырумен қатар, оның тиімділігіне де назар аудару қажет. Президенттің форумда көтерген мәселелері осы тұрғыдан маңызды деп есептеймін.

—Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп өнімдерін терең өңдеуді дамытуға және экспорт көлемін арттыруға басымдық берді. Қазақстанның шикізат экспорттаушы елден жоғары қосылған құны бар дайын өнім өндіруші мемлекетке айналу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

— Ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды бағыттарының бірі – өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, өнімді терең өңдеу мен оны өткізу мүмкіндіктерін кеңейту. Соңғы жылдары агроөнеркәсіп өнімдері экспортының екі есеге өсіп, 7 миллиард долларға жуықтауы – отандық саланың әлеуеті артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл – еліміздегі ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуы мен қазақстандық өнімге деген сұраныстың нәтижесі. Ендігі міндет – осы оң қарқынды жалғастырып, өңдеу өнеркәсібін дамыту және дайын өнім экспортын ұлғайту арқылы отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін күшейту.

Сонымен қатар мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін толық пайдалану маңызды. Бұл үшін сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейтіп, отандық өндірушілерге қолайлы жағдай жасау қажет. Президенттің экспортқа шығудағы кедергілерді реттеу жөніндегі тапсырмасы осы бағыттағы жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қазақстандық өндірушілер жаңа нарықтарға шығып, агроөнеркәсіп кешенінің экономикалық әлеуетін одан әрі арттыра алады.

—Президент агросекторға арналған инвестициялық құралдардың бірыңғай тізбесін әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына ұзақмерзімді қаржы тарту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қаншалықты кеңейтеді?

— Ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелердің бірі – қаржыландыруға қол жеткізу. Қазір несие рәсімдеу ұзақ уақыт алады, ал өтінімдерді қарау тәртібі шаруалар үшін күрделі. Сондықтан агросекторға арналған инвестициялық құралдардың бірыңғай тізбесін әзірлеу және қаржыландыру рәсімдерін оңтайландыру маңызды.

Мұнда мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне де назар аудару қажет. Президент бірнеше аграрлық бағдарламаның міндеттері бір-бірін қайталайтынын орынды көтерді. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасына 150 миллиард теңге бөлініп, ауылдарда 22 мың жұмыс орны ашылған. Алайда олардың қазіргі уақытта қаншалықты сақталғанын тексеру керек. Бағдарламалардың көптігі емес, нақты нәтижесі маңызды.

—Мемлекет басшысы екінші деңгейлі банктерді ауыл шаруашылығын кредиттеуге белсенді атсалысуға шақырды. Шаруаларға өндіріс цикліне бейімделген ұзақмерзімді әрі қолайлы несие ұсыну аграрлық сектордың тұрақты дамуына қалай әсер етеді?

— Шаруалар үшін ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаржыландырудың маңызы зор. Себебі ауыл шаруашылығындағы өндіріс циклі басқа салалардан ерекшеленеді. Егіс науқанынан бастап өнім жинау мен оны өткізуге дейінгі кезең белгілі бір уақытты қажет етеді. Сондықтан фермерлердің қаржылық міндеттемелері осы өндірістік кезеңдермен үйлесіп, шаруашылықтың нақты мүмкіндіктеріне сай болуы керек. Мұндай тәсіл шаруалардың қаржы ресурстарын тиімді жоспарлауына және өндіріс жұмысын үздіксіз жүргізуіне жағдай жасайды.

Сонымен қатар несие рәсімдеу үдерісін оңтайландыру және цифрлық бағалау жүйелерінің мүмкіндіктерін кеңейту маңызды. Қаржыландыру тетіктері шаруалардың нақты жағдайы мен өндірістік әлеуетін ескерген жағдайда, қажетті қаражатқа қол жеткізу мүмкіндігі де артады. Осы бағыттағы жұмыстар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тұрақты жұмыс істеуіне, өндіріс көлемін жоспарлы түрде ұлғайтуына және саланың ұзақмерзімді дамуына ықпал етеді.

—Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлемдік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қандай рөл атқара алады? Әсіресе, климаттық өзгерістер мен жаһандық азық-түлік нарығындағы тұрақсыздық жағдайында еліміздің қандай бәсекелік артықшылықтары бар?

— Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін климаттық тәуекелдерді ескеру айрықша маңызды. Қуаңшылық, үсік және мал аурулары шаруалардың бірнеше жыл бойы атқарған еңбегіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ауа райына ғана сеніп отыру қазіргі жағдайда тиімді тәсіл емес.

Осы ретте агросақтандыру жүйесін дамыту қажет. Шаруаларды ықтимал тәуекелдерден алдын ала сақтануға ынталандыратын тетіктер болғаны жөн. Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Қазір суармалы жерлердің жартысынан азында ғана су үнемдеу технологиялары қолданылады. Ал 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 1,3 миллион гектарға жеткізу міндеті қойылып отыр.

Бұл мақсатқа жету үшін суару арналарының жағдайын жақсарту, су жеткізу мүмкіндіктері мен электр желілерінің қуатын біртұтас жоспар аясында қарастыру қажет. Сумен қамтамасыз етілмеген шаруашылықтың өндірістік жоспарын толық орындауы қиын. Сондықтан ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін қаржылық қолдаумен қатар, инфрақұрылым мен тәуекелдерді басқару жүйесін де жетілдіру маңызды.

Қазір оқып жатыр

Жалғыз баспанасы мен автокөлігі барлар мемлекеттік қолдаудан қағылмай ма?

Алматы жастары

12 жылға сотталған экс-әкім мерзімінен бұрын босап шығуы мүмкін

Кәрім Көкрекбаев

Тоқаев стратегиялық даму жөніндегі сарапшылар тобын жасақтады

Қасым-Жомарт Тоқаев

«Әлі көзін ашқан жоқ»: Жамбыл облысында оқушы бала «сходқа» кешіккені үшін соққыға жығылып, ес-түссіз жатыр

Асылбек