31 Желтоқсан 11:28
...

Қазақстан 1 қаңтардан бастап ЕАЭО органдарына төрағалық етеді

Ақорда
Фото: Ақорда

31 желтоқсан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларына үндеу жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

Астана, NEGE. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына жолдаған үндеуінде Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалығы барысында Қазақстан ден қоятын бағыттармен таныстырған.

Мемлекет басшысы Қазақстан тарабы ЕАЭО аясындағы серіктестерімен жасанды интеллект, цифрлық реттеу және экономиканы трансформациялау салаларында білім мен тәжірибе алмасуға әзір екенін жеткізген.

Сондай-ақ ол 2026 жылы Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық форум алаңында ЕАЭО шеңберінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемеге қол қоюды ұсынған.

«Еуразиялық экономикалық одақ, бұл – Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы геосаяси көпір. Елдеріміздің территориялары арқылы негізгі көлік бағыттары өтеді. Осы орайда біз ортақ мақсатқа ден қойып, құрлықтағы жетекші логистикалық хабқа айналуға тиіспіз.

Бұл үшін көлік-логистикалық және кедендік инфрақұрылымды жетілдіру, халықаралық көлік дәліздері мен мультимодальдық тасымалды ілгерілету бойынша шұғыл шаралар қабылдап, ЕАЭО мен үшінші елдердің ірі логистикалық компаниялары арасында тығыз ықпалдастық орнату қажет», – дейді Президент логистика жөнінде.

Бұл ретте Қазақстан ЕАЭО аясында жасанды интеллект базасы негізінде кіріктірілген жүк ағынын басқару жүйесін құруды ұсынып отырғанын атап өтті.

Бұған қоса күн тәртібіне серпінді инновациялық жобаларды қаржыландыру мәселесі енгізілген. 

«Әрбір кәсіпорын мен ферманың цифрлық шешімдерді, жасанды интеллектіні пайдалануға ниет танытуы маңызды. Бұл ретте компаниялардың әлеуетімен танысуға арналған алаңдар құру, сондай-ақ автоматтандыру саласындағы стартаптар мен құзырет орталықтарын дамытқан жөн.

Еуразиялық экономикалық комиссия серпінді бастамаларға белсенді түрде қолдау көрсетуге тиіс», – делінген үндеуде.

Бұған қоса Президент үндеуінде ЕАЭО шеңберінде сауда-саттық жасауға әкімшілік кедергілердің барлығын жою қажет екенін атап өтеді.

«Кедендік реттеу және мемлекеттік бақылаудың басқа да шаралары (көліктік, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер үкіметтеріне қысым жасаудың құралына айналмауға тиіс», – делінген құжатта.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев таяу келешекте ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен, сондай-ақ аймақтағы беделді бірлестіктермен ықпалдастығын кеңейту қажет екенін айтқан.