«Алтын сандықшаның құпиясы» комиксінің тұсаукесері өтті
15 қараша Алматы қаласында «Алтын сандықшаның құпиясы» (The Golden Box) комиксінің тұсаукесері өтті.
Комикстің авторы – Нұрлан Аққошқаров. Туындыны таныстыру рәсіміне автордың достары Арман Исағалиев пен Мадияр Мұсылманов, иллюстратор Марат Күмеков, «Khancomics» баспасының редакторы Оразхан Жақып қатысты. Олар комиксті жасау барысындағы қызықты жайттармен бөлісіп, өздерінің шығармашылық ізденістері мен шабыттары туралы айтты.
«Комикстің дайындалу барысына 3 жылдай кетті. Ең қызық сәттердің бірі, басында комиксте Джеки Чанның бейнесін салдық. Сосын барлығын салып болғаннан кейін авторлық құқықты бұзатынымызды түсініп, барлығын қайтадан салдық. Кез-келген салада осындай жағдайлар болып тұрады, сол үшін ұзақ уақыт алады», – дейді Арман Исағалиев.
Комикстің алғашқы кітабы қазақ тілінде шықты. Алдағы уақытта орыс, ағылшын, қытай тағы басқа шет тілдерінде шығару жоспарланған. Бұл туралы NEGE тілшісіне автордың өзі айтып берді.
«Негізгі мақсат – Қазақстандағы комикс нарығын дамыту, кітапты өз ана тілімізде шығару. Бұрын қазақша контент аз еді. Сол үшін қазақ оқырмандарға арнап қызық хикая жаздым, бір жағынан бұл ана тілімізді қолдау», – деді Нұрлан Аққошқаров.
Кештің ерекше атмосферасын «Думан» тобының және музыкант Сұлтан Динасыловтың музыкалық қойылымдары толықтырды. «Кеш мені» әні тұсаукесер қонақтарын Алматының ерекше атмосферасымен және шығармашылық рухымен байланыстырды.
Бұл тұсаукесер комикс жанрының жанкүйерлерін ғана емес өнер сүйер қауымды және қызықты оқиғаларды сүйетін жандарды жинады. Қазақ тілінде жарық көрген комикс оқырмандарына түрлі эмоциялар, интригалар сыйлайды.
Автор: Зере НАРБЕКОВА