Қазақмыстың акционері ауысады
«Қазақмыс» корпорациясы жаңа акционерге көшу жөнінде келісімге қол қойды.
Астана, NEGE. Компанияның хабарлауынша, құжатқа «Қазақмыс» президенті Владимир Ким мен директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың ортақ шешімімен қол қойылған. Бұл бақылауды жаңа акционерге беру процесінің ресми түрде басталғанын білдіреді. Алдағы уақытта белгіленген тәртіпке сай барлық қажетті іс шаралар жүргізіліп, компания үлесін сатып алу және сату жөніндегі түпкілікті келісімшарт жасалады.
«Қол қойылған құжатқа сәйкес, акционердің ауысуы өндірістік және операциялық процестерге, келісімшарттық міндеттемелерге, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктеріне және жұмыс орындарының тұрақтылығына әсер етпейді. «Қазақмыстың» қызметі штаттық режимде, ал ағымдағы және перспективалық жобаларды іске асыру қолданыстағы стратегиялық жоспарға сай жалғасады», – делінген хабарламада.
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, тау кен металлургия саласында компания үлесін немесе акция иесін ауыстыру үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің рұқсатын алу қажет.
- Тақырыпқа орай: Түздегі нарық: «Қазақмыс» активтері НЕГЕ қымбаттап барады?