«Қазақфильмде» қандай жаңалық бар?
«Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы» аты аңызға айналған актер және режиссер, қазақстандық кинематографтың негізін қалаушылардың бірі Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың туғанына 110 жыл толуына орай салтанатты түрде жаңа маусымның шымылдығын ашты.
Қарашаңырақтың алғашқы түсірілім павильонында өткен шараға еліміздің кино саласындағы мамандар тегіс жиналды. Қазақ киносының ардагерлері мен есімі етене таныс жас актерлер мен актрисалар жиылған жұрттың қошеметіне бөлене, төселген қызыл кілемнен жүріп өтті. Бұдан соң дүбірлі жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеште Диана Исмайлова мен Бауыржан Ретбаев әсем әнге салса, «Алатау серілері» түрлі аспаппен өнер көрсетіп, көпшіліктің делебесін қоздырды.
Салтанатты жиында алғаш сөз алған «Қазақфильмнің» директоры Азамат Сатыбалды Шәкен Аймановтың биылғы мерейтойына орай Республика көлемінде түрлі шаралар өтіп жатқанын тілге тиек етті. Ұжым Шәкен Кенжетайұлының зиратына барып құран бағыштап, ас берген.
«Қағба біреу болса, Қазақстанда бір ғана студия бар, ол – Қазақфильм», – деп сөз бастаған А.Сатыбалды «Сіздерді шақырғандағы басты мақсатымыз – мерейтойды бірге атап өту болса, екіншіден – осы маусымашар арқылы көрермендерге бір жылда қандай жобалар түсіретінімізді таныстыру. Сондай-ақ таксопарк емес екенімізді көрсеткіміз келді. Біз өсекпен емес, өнермен көзге түсуге тиіспіз. Сондықтан жаңа қадамдар жасаймыз», – деді жуырда басы біраз дауға қалған мекеме басшысы.
Осы ретте ол ұлттық студияның жағдайын жақсартып, жұмысын қайта жандандыру мақсатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қабылдауында болғанын да жеткізді. Қазіргі таңда үлкен қаждамдар жасалып, түрлі жұмыстар қолға алынғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, жуырда «Қазақфильм» киностудиясы Kinopark-Kinoplexx компаниялар тобы мен ынтымақтастық және өзара серіктестік туралы меморандумға қол қойған болатын. Енді биылдан бастап орталық студияның сапалы фарматтағы көне және жаңа туындылары кинотеатрларда төмендетілген бағамен көрсетіледі.
«Жастардан алшақтамайық деген ниетте өзіндік салған сүрлеу жолы бар, еркін ойлайтын азаматтардан екі кеңесші алдық. Ол Қуаныш Бейсеков пен Еркебұлан Күрішбаев. Бірақ кеңесшілердің кеңесшісі ол – Асанәлі Әшімов», – деп сөзін сабақтады Азамат Сатыбалды.
Биыл Мәдениет және ақпарат министрінің қолдауымен «Қазақфильм» киностудиясы төрт үлкен жобаны таспалауды қолға алмақ. Атап айтар болсақ, осыдан он жыл бұрын Тараз қаласында қанды қылмыскердің жолын байлап, көптеген адамдардың өмірін сақтап қалған батыр Ғазиз Байтасовтың ерлігін бейнелейтін «Капитан Байтасов» экшн-драмасы, «Шырмауық» драмасы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына арнап «Соңғы парыз» және «Здравствуй, добрый человек» деректі туындыларын жарыққа шығармақ.
Мұнымен қоса «Қазақфильм» жаңа бағытқа да жол салмақ. Осы орайда мекеме басшылығы көптеген компаниялармен серіктестік байланыс орнатқанын жеткізді. Нәтижесінде тағы бес жоба түсіріледі деп жоспарланып отыр. Яғни, жаңашылдыққа жаны құмар көрермен алда белгілі ақын Ақберен Елгезектің кітабы негізінде түсірілетін «Болмаған балалық шақ», «Мама», «Зейін», «Жабайы» және «Сказ о розовом зайце» фильмдерін тамашалайтын болады.