6 Қыркүйек 13:34
...

Қазақ гастарбайтерлері НЕГЕ көбейіп барады?

Фото:

Ресейде қызық статистика жарияланды. 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығында түрлі қара жұмыс істейтіндерге сұраныс өскен, бірақ індет басталғалы тапшы бола бастаған жұмысшы мигранттардың қарасы әлі аз көрінеді.

2021 жылдың алғашқы жартыжылдығында Орталық Азия елдерінен шыққан жұмыс іздеген азаматтардан түскен резюме саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өзгермеген. Есесіне, мигранттарды жұмысқа шақырған ұсыныс, бос орындар туралы хабарлама саны өсіп отыр. Бұрын үй шаруасындағы қызметкер, құрылыс, көлік, түрлі өндірістегі қара жұмыс орнына 4-5 адам үмітті болса, қазір бұл шама 1-2 адамға дейін азайған.

Ресейден жұмыс іздеген Қазақстан мен Беларусь азаматтарының саны өскен. Бұл жерде бір айта кететін жайт, қос елдің азаматтары көбіне ақ жағалы қызмет іздейді екен және олар қашықтан жұмыс істеуге де дайын. Сонымен бірге резюме иелерінің дені тұрақты әрі айлығы жоғары жұмыс болған жағдайда Ресейге көшіп келуге дайын екенін де жазған.

Фото: 360tv.ru

Ал қазақстандықтар қара жұмысқа негізінен Оңтүстік Кореяға кетуге ұмтылады. Олардың дені заңсыз жолмен барған.

Кейбір деректерге қарағанда, кәріс жерінде 40 мыңға жуық отандасымыз бар. Оның 11 мыңға жуығы заңсыз жүр. Оңтүстік Кореядағы әрбір жетінші гастарбайтер қазақстандық деп есептеледі.

Жұмыстан бөлек, жайлы өмір іздеп Қазақстаннан біржола қоныс аударғандардың да қарасы көп. Жалпы елден кеткен эмигранттардың саны 2014 жылдан бері тұрақты өсуде.

Статистика Агенттігінің дерегі бойынша, 2020 жылы 29 мың адам елден кетсе, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде індетпен байланысты шектеулерге қарамастан 14 мың 200 адам Қазақстанмен қош айтысқан. Кеткендердің басым бөлігі – қала тұрғындары, дені – жоғары білімді.  Миграциядағы кері сальдо сол күйі сақталуда. Келгендер мен кеткендердің арасындағы айырмашылық 3 есеге жетті.

Тағы бір мән беретін жайт кеткендер мен келгендердің арасындағы жоғары білімді, еңбекке жарамдыларының арасындағы айырмашылық. Бұл жағынан да жоғары білімді әрі жұмысқа қабілетті адамдардың елге келгенінен көрі кеткені көп.

Тегтер: