Қазақ жігіті Apple компаниясына басшылық қызметке тағайындалды
Әлемге әйгілі Apple корпорациясының басшылық қызметіне отандасымыз 29 жастағы Әділхан Қопабаев тағайындалды.
Алматы, NEGE. Ол Apple Inc. компаниясына Орталық Азия мен Армениядағы мемлекеттік саясат және үкіметпен байланыс бөлімінің басшысы болып келді.
Сүйінші жаңалықты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев хабарлады.
«Біздің отандасымыз, Apple компаниясында жетекші қызметке тағайындалғанын хабарлауға қуаныштымын! Бұл жаңа кезең оған көптеген жетістіктер мен кәсіби өсу әкелсін!», - деп жазды Жаслан Мәдиев фейсбук парақшасында.
Әділхан Қопабаев 1995 жылғы 9 шілдеде Ақтөбеде дүниеге келген.
Оңтүстік Кореядағы Ульсан ұлттық ғылым және технологиялар институтында, АҚШ-тағы Браун университетінде білім алған. Рокфеллер қоры тағайындайтын стипендияның иегері.
Еңбек жолын Оңтүстік Кореядағы және Қытайда компаниялардан бастаған. Кейін еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесші болған, Ұлттық банкте, премьер-министр кеңсесінде жұмыс істеген. Сондай-ақ Энергетика министрлігіне қарасты "Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы" АҚ-ның бас директоры, "Қазақстан Республикасының отын-энергетика кешенінің ахуалдық-талдамалық орталығы" басқармасының төрағасы болған.