21 Мамыр 15:40

«Қазақ тұлпары – халқымыздың өр намысының, асқақ рухының белгісі» – Мәжіліс депутаты

Аманжол Әлтаев
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаттары заң шығару бастамасы тәртібімен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлепті. Ондағы негізгі мақсат –қостанайлық жылқы тұқымының тектік қорын сақтау, сондай-ақ оның асыл тұқымдық қасиеттерін жақсарту және мал басын ұлғайту үшін селекциялық және асылдандыру жұмысын жүргізуге заңнамалық мүмкіндіктер ашу.

Ертеңгі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының күн тәртібінде осы мәселе де қаралғалы отыр. Соған байланысты біз осы мәселені көптен бері көтеріп, мемлекеттік қолдау шараларын заңнамалық тұрғыдан жетілдіруді көздеген жұмысшы топтың басы-қасында жүрген Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаевқа бірнеше сауалымызды қойдық.

– Аманжол Дүйсенбайұлы, спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту ісіне не түрткі болды? Осы мәселеге заңнамалық тұрғыдан қарау қажеттілігі туғанына қарағанда жағдай аса мәз емес сияқты ғой...

– Төрт түліктің төресі саналатын қазақ тұлпары – халқымыздың өр намысының, асқақ рухының белгісі. Еліміздің ата тарихы осы тұлпар тағдырымен қатар өрілген небір қиын кезеңдерде ата-бабаларымыз елдің сыртын жаудан, ішін даудан осы ат арқасында, тұлпардың белінде жүріп қорғаған. Кешегі тарихи тұлғаларымызды айтқан кезде олардың міндетті түрде кісінеген тұлпары қатар аталады. Мысалы, Қабанбайдың Қубасы, Бөгенбайдың Нарқызылы, Абылайханның Алшаңбозы, Наурызбайдың Ақауызы, Ағыбай батырдың Ағлағы, Ақансерінің Құлагері деген секілді тарихи тұлғаларымыздың астындағы кісінеген тұлпары біздің төл тарихымызда ерекше орын алады. Осы қазақ тұлпарларының ішінде бүгінгі таңда реестрге кіргені – Қостанай жылқысы. Сонау 1951 жылы реестрге еніп, содан бергі аралықта қаншама жылдар бойы жүргізген селекциялық жұмыстардың нәтижесінде Қостанай жылқысы халықаралық деңгейде өте мықты жылқы тұқымдарының қатарына қосылды. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары осы Қостанай жылқысына мән берілмегендіктен, заңнамалық тұрғыда қорғалмағандықтан, олардың қабілеттілігі, төзімділігі, жүйріктігі деген секілді қасиеттеріне мемлекет тарапынан қамқорлық көрсете алмағандықтың кесірінен Қостанай жылқысы бүгінгі таңда құрып кетудің алдында тұр. Қазіргі таңда республикалық палатада тіркелген небәрі 278 ғана Қостанай жылқысы қалып отыр. Егер біз осы жылқы түрін заңмен қорғай алмайтын болсақ, тек қана осы жылқы ғана емес, алдағы уақытта реестрге кіретін Адай жылқысы, алдағы уақытта үлкен селекциялық зерттеу жұмыстардың нәтижесінде өзінің сапасын көрсететін басқа да жылқы тұқымдары мемлекеттік деңгейде қорғалып, қамқорлыққа алынбақ. Мінеки, заң жобасын дайындауымызға осындай себептер түрткі болды. Сондықтан осы заң жобасының маңыздалығы, яғни қазақ тұлпарын сақтау, отандық жүйрік жылқы тұқымын өркендету, оны дамыту біздің бүгінгі күндегі маңызды мақсаттарымыздың бірі.

– Заң жобасымен «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» және «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қандай түзетулер енгізілмек?

– Қазіргі кездегі қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары тек өнім, ет, сүт бағытындағы жылқы өндірісіне ғана көрсетіледі. Осыған байланысты заң жобасына бірқатар өзгертулер енгізілді. Нақтылай айқанда, «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» және «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында «асыл тұқымды жануар» және «тұқым стандарты» ұғымдары өзгертілмек. Соған сәйкес асыл тұқымды малдардың фенотиптік және өнімдік көрсеткіштерімен қатар жылқылардың жұмысқа қабілеттілігі, ептілігі, төзімділігі сияқты басқа да пайдалы қасиеттері тұқым стандартына жатқызылатын болады.

– Заң жобасының негізгі мақсатына тоқталып өтсеңіз.

– Біз өзгерістер мен толықтырулар енгізгелі отырған заң жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдау арқылы Қостанай тұқымының тектік қорын сақтау, сондай-ақ оның асыл тұқымдық қасиеттерін жақсарту және мал басын ұлғайту үшін селекциялық және асылдандыру жұмысын жүргізу.

– Яғни заң жобасы көздеп отырған қостанайлық жылқы тұқымының тектік қорын сақтау ісі мақсатқа жетуге қаншалықты үлес қоспақ?

– Осы жұмыстардың нәтижесінде ат спорт түрлерін, атап айтсақ жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, бәйге, көкпар секілді ұлттық спорт түрлерін халыққа насихаттауға, оны дамытуға мүмкіндік көбейеді.

Сонымен бірге, бұдан да басқа заңнамалық түзетулерде қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға және оның өсімін молайтуға бағытталған төмендегідей іс-шараларды субсидиялау көзделген. Яғни, асыл тұқымды орталықтардың шетелдік селекциялық-спорттық бағыттағы асыл тұқымды айғырды сатып алуына, асыл тұқымды аналық мал басымен селекциялық асылтұқымдық жұмыс жүргізуге және де оларды ұстау бойынша шығындарды өтеуге субсидия төленетін болады.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін осындай көмек қолдау Қостанай жылқы тұқымын сақтап қана қоймай, оны ары қарай дамытуға, селекциялық жұмыстарын жетілдіруге, мал санын өсіруге және сапасын күшейтуге жол ашады деп ойлаймын.

– Заң жобасының ешқандай кері әсерлері жоқ па? Яғни әлеуметтік-экономикалық, құқықтық тұрғыдан өзге заңдармен қайшылықтары, экологиялық зардаптары жайлы зерделеген боларсыздар?

– Әрине, бұл заң жобасын әзірлеу барысында нешеме зерделеу жұмыстары қолға алынып, қаншама басқосулар болды. Яғни заң жобасы бойынша мүдделі уәкілетті органдар, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің және сарапшылардың, оның ішінде Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы, Парламентаризм институты, Жылқы шаруашылығы республикалық палаталары, Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, Қазақстандық жокей клубы және «Бәйге» Федерациясы өкілдерінің қатысуымен таныстыру өткізілді, жұмыс тобының 5 отырысы және Комитеттің бір кеңейтілген отырысы өтті. Мәжілістің барлық комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындылар ұсынды.

Қысқасы мәселе жан-жақты талданып, асыл тұқымды спорттық жылқының жағдайын жасаймыз деп, өзге жануарлардың тағдырына балта шауып алмаймыз ба деген мәселелер барынша талқыланған. Сондықтан ешқандай кері әсері жоқ деп айта аламын.

– Қазір әлемдік деңгейдегі бәйгеде шауып жүрген қазақтың сәйгүліктері жоқтың қасы. Қабірханмен қанша мақтансақ та жарасатын шығар. Бірақ оның иесі қазақ болғанымен жылқының шыққан тегі батыс болып тұр. Осы бастамаларыңыз қазақтың өз жүйрігін шығаруға қаншалықты септігін тигізбек? Бізде неге осы кезге дейін бір Қабірхан шықпады? Қандай істе кеш қалып, кемшін түсіп жатырмыз?

– Кеше ғана Қабірхандай мұхиттың арғы жағынан алып келген жүйрігіміздің Дубайдың төрінде өтетін халықаралық деңгейдегі бәйгеде бірнеше рет топ жарып, озып келуі еліміздің еңсесін көтерді, намысын асқақтатты. Қабірханның оза шабуын көргіміз келіп, бүкіл жұрт болып тілеуін тіледік. Осындай тұлпарлар алдағы уақытта отандық төл селекциямыздың нәтижесінде алынған тұлпарларымызға да бұйырсын дегім келеді. Алдағы уақытта тек қана шетелден сатып алынған жүйріктермен ғана емес, өзіміздің отандық селекциядан тудырған тұлпарларымыз әлемдік аламандарда, әлемдік бәйгелерде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, топтан озуға жазсын дегім келеді.

Егер біз Қостанай жылқысын ары қарай дамытып, жан-жақты мән беріп, өркендететін болсақ әрине осы Қостанай жылқысының ішінен де ертең халықаралық деңгейде елдің намысын қорғайтын мықты тұлпарлар шығатыны сөзсіз. Сондықтан да қазақ баласы аттан түспесін, тұлпардың белінде жүріп, ел мен жердің тағдырын ойлауға жазсын.

Әрине аузымызды қу шөппен сүртіп, «болмайды екен» деп отыра берген дұрыс емес. Сол себепті ертеңімізге елеңдей қарап, жылқы шаруашылығын дамытуға, оның ішінде мініс және мініс-жегін бағытындағы отандық жылқы селекциясын дамытуға үлкен күшпен білек түріп кірісетін болсақ, ғалымдарымыздың, жылқы шаруашылығы саласындағы майталман мамандарымыздың жан-жақты іс-тәжірибесін пайдалана отырып, осы саланы дамытсақ ертеңгі күні қазақ тұлпарының да халықаралық деңгейде даңқының асқақтауына мүмкіндік туар еді.

– Әңгімеңізге рақмет!