Қазақ тіліндегі қателерді азайту үшін 34 сөздік дайындалады
Қазақстанда қазақ тіліндегі сөздердің жазылуы мен айтылуын біріздендіріп, емле ережелерін жүйелеу қолға алынбақ.
Астана, NEGE. Осы мақсатта ғалымдар мен тіл мамандары 34 сөздік пен анықтамалық дайындайды. Оның ішінде орфографиялық, орфоэпиялық, түсіндірме, грамматикалық, этимологиялық және терминологиялық сөздіктер бар. Сондай-ақ 9 академиялық аударма сөздігі мен тіл ережелеріне арналған 6 анықтамалық әзірлеу жоспарланған.
Дайын еңбектердің барлығы «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» атты ұлттық цифрлық платформаға жүктеліп, көпшілікке қолжетімді болады.
Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында берген тапсырмасынан кейін қолға алынды.
Жобаның жай-жапсары вице-президент Ерлан Қариннің ғалымдармен, тіл мамандарымен және зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде талқыланды.
«Қазақ тілі ғылым мен инновация тіліне айналмай, ісіміз ілгерілемейді», – деді Ерлан Қарин.
Әзірге сөздіктердің қашан дайын болатыны және жаңа ережелердің қашан бекітілетіні айтылған жоқ.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шет тілінен енген кейбір сөздердің қазақша баламасы сәтті шықпағанын айтты. Оның пікірінше, «күйсандық», «қылтима», «себезгі», «үнқағаз» сияқты жасанды сөздерге мамандар өз бағасын беруі керек.