20 Шілде 00:27
...

Қазақ оқушылары халықаралық математика олимпиадасынан 6 медаль жеңіп алды

Халықаралық
Фото: ҚР Білім министрлігі

Қазақстандық оқушылар Аустралияда өткен халықаралық математикалық олимпиадада (IMO-2025) 6 медаль иеленді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

АЛМАТЫ, NEGE. Биылғы жарысқа 112 елден 650-ге жуық үздік жас математик қатысқан. Қазақстан құрамасы 4 күміс және 2 қола медальмен табысты өнер көрсетті.

Күміс медаль иегерлері:

– Мирон Юркевич, Алматы қаласындағы Haileybury Almaty мектебінің 12-сынып оқушысы;

– Амирлан Аманжолов, Haileybury Almaty мектебінің 11-сынып оқушысы;

– Марғұлан Шәрел, Астана қаласындағы Spectrum International School-дың 11-сынып оқушысы;

– Амир Сахипов, Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы.

Қола медаль иегерлері:

– Ерасыл Алтынбек, Алматы қаласындағы Nurorda мектебінің 10-сынып оқушысы;

– Ерқанат Кеңшілік, Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.

Қазақстан құрамасының ғылыми жетекшілері – PhD докторы Асылбек Исахов пен халықаралық олимпиадалар жеңімпазы Қанат Сатылханов. IMO олимпиадасы 1959 жылдан бері өткізіліп келеді және әлемдегі ең беделді жеті пәндік олимпиаданың қатарына кіреді. Қазақстан бұл жарысқа 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық команда 16 алтын, 55 күміс, 81 қола медаль және 29 құрмет грамотасын иеленген.