«Қазақ қыздары азаматтық алу үшін кәріске тұрмысқа шығып жатыр» – Кореяда жүрген қазақ қызының мұңы
2014 жылы Астана мен Сеул виза келісіміне қол қойып, Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Кореяда 30 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат берілген. Осыдан кейін Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеген қазақстандықтар ағыла бастады. Бүгінде бұл ел Орталық Азияның еңбек мигранттары көп баратын елдер қатарына кіреді.
Кей мәліметке қарағанда, кемінде 35 мың қазақстандық жұмыс істесе, оның қаншасы заңсыз жүргені белгісіз. Соның бірі алматылық Жаннат Төрешова NEGE тілшісіне сұхбат берді.
– Жаннат, Оңтүстік Кореяға қалай және кімнің айтуымен бардың?
– Кореяға 2022 жылдың желтоқсан айында келдім. Қазір мұнда жүргеніме бір жарым жыл болды. Туған жерім Алматыдан жырақта жетіскенімнен жүрген жоқпын. Сол баяғы ақша жетпегеннен. Ешкім «келе ғой» деп шақырған жоқ. Біраз уақыт осында жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың әлеуметтік желідегі парақшаларын қадағаладым. Сөйттік те, інім әйелімен, үшеуміз тәуекелге бел буып, турист ретінде кірдік. Сосын заңсыз қалып қойдық.
Біз алғашқы кезде Инсон қаласына тоқтадық. Кейін Қазақстаннан келгендер көп шоғырланған Үлкен Куанжу деген қалаға келдік. Әуелгіде Тик-ток пен Инстаграм желісінде «табиғаты керемет, ақшаны миллиондап тауып жатырмыз» деген жарнамалық ақпарат көп болды. Солай шығар деп сендік. Шын мәнінде, Оңтүстік Корея әлдеқайда дамып кеткен мемлекет екен. Бірақ «Оңай жерде ақша жоқ». Жұмысы өте ауыр. Алты айдан кейін інім мен келінім отбасылық жағдайға байланысты елге қайтты.
– Сонда қандай жұмыс істейсің? Әлде, табылғанына бара бересің бе?
– Келген сәттен бастап не жұмыс бар, бәріне кірісіп кеттік. Мұнда бізден келгендер жұмыс таңдамайды. Ақша керек болған соң істей бересің. Бастапқыда алмұрт салып, қаптайтын жерде жұмыс істедік. Егін алқабынан сарымсақ та жинадық. Бұлар сарымсақты топырақ астына егіп, арнайы пакетпен жабады. Біз соны бетінен алып шығамыз, сосын трактор қазған соң қапқа жинаймыз. Арасында құрылыс біткен алаңды жинадым. Одан кейін жарты жылдай құрылыста істедім. Негізі бұл еркектерге арналған ауыр жұмыс қой. Ақшасы жақсы болған соң амалсыз кірісіп кеттім.
Жұмыс іздеген қазақтар кәрістер ұсынған кез келген жұмысты істеуге мәжбүр. Себебі, заңсыз жүргендер тұрақты жұмыс істей алмайды. Олар бізді өз тілімен «арбайт» дейді. Мұндағы қазақтар да бір-біріне бауыр боп кеткен. Әлеуметтік желіде арнайы чатымыз бар. Бір-бірін тартып, жұмыс тауып беруге көмектеседі.
– Қанша табыс табасың?
– Арбайт болып жұмыс істесең, күнделікті төлейді. Мысалы, маусымдық жұмыс сарымсақ жинағанға күніне 150-200 мың вон төлейді. Бұл 50-55 мың теңге. Зауытта жұмыс істесең, күніне шамамен 30-35 мың теңге береді. Жұмыс басқалармен салыстырғанда жеңілдеу, ауыр көтермейсің. Бірақ аяқтан тік тұрып 10-12 сағат жұмыс істейсің. Ауысыммен істейтін зауыттар бар. Күніне 250-300 доллар төлейді. Жалпы, Кореяда орта есеппен айына 1 млн теңге табуға болады. Алайда, жұмыс өте ауыр. Оның тең жартысы жалдаған пәтерге, тамаққа кетеді. Сонда да Қазақстанға қарағанда әлдеқайда тәуір. Себебі, бізде жалақының өзі тамаққа ғана кетеді ғой.
Алматыда медицина саласында жұмыс істедім. 150-200 мың теңге алдым. Оның 150 мыңын пәтерге төлейсің. Несие алып, төлей алмай, пайызы өсіп кетті. Екі балам бар, жалғызбасты анамын. Жалақым отбасын асырауға, пәтер жалдауға жетпейді. Сол екі баламның болашағы мен қамы үшін бәріне шыдап келемін. Қалай десек те, бөтен ел. Заңсыз жүрген соң, қай күні ұстап алады екен деп алаңдап жүресің. Алда-жалда білсе, айыппұл төлетіп, депортация жасайды. Бірақ ешкім ешкімге тиіспейтін, тәртіпке бағынған ел.
– Жалпы, кәрістер қандай халық? Олар Қазақстан деген мемлекеттің барын біле ме екен?
– Қазақстанды, қазақ халқын біле бермейді. Өзбекстанды, Ресейді жақсы біледі. Біз оларға «Өзбекстан жанындағы елміз» деп түсіндіреміз. Себебі, еңбек визасы арқылы Өзбекстаннан бірталай уақыт бұрын келіп-кетіп жүргендер баршылық. Одан өзге еңбек визасымен Таиланд, Вьетнам, Қытай, Қырғызстан елінен келген еңбек мигранттары бар. Ресей азаматтығын алып, Ресей арқылы жолы түскен тәжіктер өте көп. Олар емін-еркін жүре алады. Ал Қазақстан мұны енді ғана қолға алып жатыр. Былтыр біздің ел Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер министрі Пак Жинмен екіжақты келіссөз жүргізгенде Қазақстанды Кореяның «Еңбекке рұқсат беру жүйесінің» тізіміне қосуға назар аударған еді. Осы мәселе тезірек қолға алынып, шешілсе екен. Қазір біз ауырып қалсақ, өте қымбат бағамен емделеміз. Еңбек визасы барлар үшін тегін.
Жалпы, Оңтүстік Корея – технологиясы, экономикасы дамыған мемлекет. Бізден бір ғасыр алға кетіп қалған. Қазақстанмен салыстыруға мүлдем келмейді. Заң қатал, ұрлық атымен жоқ. Мейірім, махаббат, аяушылық дегенді мүлдем байқамадым. Менталитеті, басқасы да қазақтарға ұқсамайды. 60-70 жасқа келген кәрістер бізбен бірге жұмыс істейді. Себебі, жастары көбінесе АҚШ-қа кетеді, жаңа технология саласында еңбек етеді. Ал ауыр жұмыстарын ересектері мен біз сияқты сырттан келгендер атқарып жүр.
Халқы үнемі стресте жүреді. Өмір өте жылдам өтеді деп санап, өздері де асығыс-үсігісте болады. Сондықтан Кореяға жасы үлкен адамдарға жұмыс табу қиын. Тағы бір айтатыным – 17-18 жастағы қыздарға да келуге кеңес бермеймін. Себебі, мұндағы жұмыстың бәрі денсаулықты алады. Ол қыздарға ертең ана болу керек.
– Балаларыңды сағынған шығарсың. Елге қайту әзірге жоспарда жоқ па?
– Әрине, сағынамын. Інім мен келінім қарап отыр. Балаларыммен бейнеқоңыраумен сөйлескен сайын жылап қалады. Өзім де сондай сәтте жанымды қоярға жер таппаймын. Енді бәрін тастап, елге кетейін десем, әлеуметтік жағдайымды түзеп алсам деймін. Мұнда 5-6 жылдан бері жұмыс істеп жүрген қазақтың қыз-жігіттері, аға-әпкелер бар. Баласы мектеп бітіріп, қызы ұзатылып жатыр кейбірінің. Өткенде бір кісі қызын бейнеқоңырау арқылы ұзатып, онлайн құдалық болды. Осыны көріп жүрегің ауырады. Кетейін десе, қайта келе алмайды. Осында жүріп елден жер алып, үй салып жатқандар бар. Тұрмысқа шыққан қызының мүлкін алады. Бірін бітірсе, екінші шаруа шығады. Адамның керек-жарағы бітпейді ғой. Соңғы жылдары Оңтүстік Кореяға келіп жатқандар өте көп. Маған да әлеуметтік желіде жазып, жолын сұрап жатады.
– Қаржылық-әлеуметтік жағдайыңды қаншалықты оңалтып алдың?
– Ең бастысы, несиелерімді жаптым. Қазір кішігірім жер телімін алып, енді үй салуға ақша жинап бастадым. Сол үшін жұмыс та таңдамай, іліккенін істеп жүрмін. Кейде Тик-токқа тікелей эфирге кірсем, әртүрлі пікір жазады. Жасы үлкен кісілер қолдау білдіреді, енді бірі «қаңғыбастар, сатқындар» деп жатады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді. Қайдағы сұлтан? Біз сұлтан болуға келген жоқпыз ғой. Денсаулықты беріп, ауыр жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрміз.
– Өзің кәрісше үйреніп алдың ба?
– Кәріс тілі өте қиын. Қазақ тіліне мүлдем ұқсамайды. Тіл білмеген соң көп жерде жұмысқа алмайды. Өзім кәріс тілін өз бетімше үйреніп алдым. Білмегенімді интернеттен қараймын. Бірақ кәрістер оған онша мән бермейді. Кейде ұқпай жатсаң, ерінбей, асықпай түсіндіреді. Тіпті, ымдап болсын жеткізуге тырысады. Адасып кетсең, үнемі асығып жүретін жұрты уақытын бөліп, жол көрсетеді. Бір жақсысы, кәріс халқы адамдарға тең қарайды. Бөтен елдің азаматы екен демейді. Менсінбеушілік деген жоқ. Жұмысыңды жақсы істесең болды.
– Өткенде қазақ жігіті кәріс қызын келіндікке алып келді. Егер кәріс жігіті ұнаса қалар ма едің?
– Жоқ. Ондай ойым да жоқ. Бірақ қазақ қыздарының біразы виза, азаматтық алу үшін кәріске тұрмысқа шығып, қалып қойған. Әсіресе, орыс, украин қыздары кәрістерге тиіп жатыр. Байқағаным, кәрістер орыс қыздарын ұнатады екен. Олардың діні – бір. Бірақ қазақтарға тура келмейді. Соған қарамастан қазақ қыздары кәріс жігіттеріне амалсыз келісім беруге мәжбүр.