12 Желтоқсан 17:42
...

Қазақ киносы тағы бір қорқынышты туындымен толықты

кино
Фото: видеодан скриншот

Белгілі режиссер Ақан Сатаев кезекті киносының тұсауын кесті. Хоррор жанрындағы туынды «Әнел» деп аталады.

Алматы қаласындағы кинотеатрлардың бірінде жобаның жабық көрсетілімі өтті. Тұсаукесер де туындының мазмұнына сай форматта ұйымдастырылған. Мәселен, онда ойнайтын әртістердің дені қорқынышты кейіпкерлер кейпінде төбе көрсетті.

Сатаев
А.Сатаевтың инстаграм парақшасынан

Сатаевты киноөндірістегі әріптестерінен өзге түрлі медиа мамандар құттықтап келді. Туындыны тамашалалаған Мұхамеджан Тазабек көп ұзамай желідегі парақшасына «Көруге кеңес беремін» деп жазба жариялады.

Тазабек
А.Сатаевтың инстаграм парақшасынан

Ал белгілі айтыскер ақын Сырым Әуезхан «Ақан Сатаев ағаның әр киносы шедевр ғой. Әсіресе, «Анаға апарар жолы» менің сүйікті кином. Ағамыздың қазақ киносының әртүрлі жанрын дамытып жатқаны қуанышты. Көріп қайтыңыздар, шетелдік киноға ақша кетіріп позор боп отырмайық» деп, сөзінің соңын Дариға Бадықованың дегеніне салып, қалжыңға сүйеді.

Ақан Сатаевтың өзі «Хоррор жанрында фильм түсіру баяғыдан арманым еді» дейді.

14 жастан жоғары көрермендерге арналған фильмде Азамат Сатыбалды, Зарина Кармен, Дариға Күшекбаева, Медина Мәдиқызы және Лаура Мырзахметова ойнайды.

Сатаев
А.Сатаевтың инстаграм парақшасынан

Бір үйдің құпиясын ашатын туындының мазмұнына тоқталар болсақ, Лаура есімді әйел күйеуі Мәди, енесі Зейнеп және қызы Әнелмен бірге үлкен үйді паналайды. Бірде анасы 12 жасар қызының бойынан оғаш әрі түсініксіз әрекеттер байқайды. Ойы сан саққа жүгірген ол күйеуі мен енесі өзінен бірдеңе жасырып жүр деп күтіктенеді. Десе де көп ұзамай қорқынышты құпияның беті ашылады.

Сатыбалды
А.Сатыбалдының инстаграм парақшасынан

Азамат Сатыбалды санақ бойынша Сатаевтың осымен жетінші киносына түскен екен. Фильмде Әнелдің әкесін сомдайтын ол «Мақсат қорқыту емес, ой салу» деді.

Фильмді Қуаныш Бейсектің "Дәстүр" мистикалық триллерімен салыстырып жатқандар да бар.