23 Қыркүйек 16:47

«Эскорт. Новый вызов» – Жезөкше қыздың тағдыры туралы жаңа сериал түсірілді

сериал эскорт
Фото: жеке мұрағаттан

Бес күн ішінде 1 млн 300 мың қаралым жинаған жаңа бағыттағы сериал көрермендердің көңілінен шықты.

«Эскорт» – жастардың арасында талқысы көп тақырыптардың бірі. Кейбір қыздар тағдырдың талқысынан, я болмаса ақшаға құныққаннан, я болмаса мәжбүрліктен тәндерін саудалап жатады. Эскорт дегеніміз – жезөкшеліктің бір түрі. Ерекшелігі – басқалардан әдемірек, сұлу, өздерін өте жоғары бағалайтын жеңіл жүрісті қыздардың кәсібі.

Сериалда туған сіңілісінің оқу ақысын төлеу үшін бұрыс жолға түскен қыздың тағдыры жұртты алаңдатпай қоймады. Басты рөлдерде Сабина Сексенбаева, Ержан Мухатаев, Асель Акбарова, Мадина Жұмабаева және блогер Дана Есеева ойнайды. Сериалда «эскорт» саласының ашық шындығы мен айқын бейнесі көрсетіледі. Бұл сериалдың бас режиссёрі – Дарина Манапова. Қазақ кино индустриясындағы алғашқы әйел режиссёр бізбен үздік жобасы туралы өз эмоциясымен бөлісті.

 – Түсірілім барысы қалай өтті? Қандай ой түйдіңіз?

– Біз сериалдың тұсаукесерін асыға күттік. Жобаның көрерменнің көңілінен шыққанына қатты қуандым Осы сериалға дейін екі жобам болған, бірақ дәл осы «Эскорт. Новый вызов» мен үшін қиын, әрі ұзақ болды. Басынан аяғына дейін түрлі мәселелер туындады. Қиындықтардың себебі әртүрлі. Барлық жағдайға сабырмен қарауға, актёрлер мен актрисалармен жанжалдаспауға тырыстым. 

Түсірілім бар болғаны 19 күннің ішінде аяқталуы тиіс еді. Бұл мерзім – осындай үлкен жоба үшін өте аз уақыт. Күн-түн, демалыс демей, шаршап жүріп жұмыс істесек те, түсірілім процесі өте қызық өтті. Ал Сабина Сексенбаева үшін сериалдағы кейіпкер – алғашқы басты рольдердің бірі, сол үшін, маған актрисаның өзін көрсетуі ғана емес, кейіпкердің мінезін көрерменге ашып, бірге жұмыс істеу де маңызды болды.

Сериалда жаңа жанр болғандықтан, ракурстарды тәжірбиеден өткізіп, жұмыс барысында ерекше техникаларды пайдаландым. Басында 12 сериядан тұруы керек болған бұл сериал «Sәlem Entertainment» басшысының ауысуына байланысты 10 серияға қысқарды. Сол үшін сценарий мен эпизодтарды өңдеу керек болды, сериалдың сапасын жақсарту үшін осындай қиын қадамға баруға тура келді.

Бұл жоба мені істі аяғына дейін жеткізу мен шыдамдылыққа бейімдеді. Өз жұмысымды өзім бағалағаным дұрыс емес шығар, сондықтан еңбегімді халық бағаласын. Ең бастысы, мен үшін үйреншікті әдіс-тәсілдерден бөлек, жаңа дүниелерді іске асырып, барлық жағынан өз-өзімді дамыта алдым. Бұл жоба, мен үшін – жаңа бастамаларға шақыру және мансап жолымдағы негізгі қадамдардың бірі.

сериал
түсірілім сәтінен

– Қазақ киноиндустриясы ер адамның режиссёр болғанына әбден үйреніп қалған. Сериалды түсіру барысында, «ер адам ғана басқаруы керек» деген стереотипке байланысты қиындықтар болды ма?

– Халық арасында кино саласында әйел адам тек қана ассистент, гриммёр, костюмер ғана бола алады деген пікір қалыптасқан. Алайда, қазір, әйел адамдар өздерін дарынды әрі мықты режиссёр ретінде танытып жүр. Әйткенмен, бәрібір ер адамдардың орны бөлек. Бірақ, бұл әйел адамдарға бұл салада орын жоқ деген сөз емес. Керісінше, талапты қыздардың режиссёр болуына жағдай жасауымыз керек.

Сериалдағы әріптестерім туралы жаман айтқым келмейді. Командамыздың әр мүшесі жобаға барынша еңбектенді, сол үшін де құрметке лайық. Мені кемсітіп, айтқанымды елемей қойған жағдайлар болған емес. Айналамда еңбегімді бағалайтын жандар ғана бар. Алайда, халықтың арасында мені дұрыс қабылдамай қалатын кездер болып тұрады. Сонда да жұмысымды жоғары деңгейде атқаруға, көлденең сөзге көңіл аудармауға тырысамын. Киноиндустрия саласы күннен-күнге дамып келе жатыр. Осыған байланысты, әйел режиссёрлар көбеймесе, азаймайды.

– «Эскорт. Новый вызов» сериалы арқылы көрерменге қандай ой айтқыңыз келді?

– Жезөкшеліктің жақсылыққа апармайтынын Адель есімді қыздың тағдыры арқылы көрсеткіміз келді. Бір ғана қате шешім өз өмірін тас-талқан етіп қана қоймай, жақындарының, туған-туыстарының да тағдырына үлкен кері әсерін тигізеді. Пасық ойындардан шыққысы келсе де, одан әрі торға шырмала береді. Өзіңді жоғалту деген нәрсе – сериалдың басты тақырыбы. Сериалды көрген көрермен қорытынды ойды өзі қалыптастырады.

Бұл сериал бізді әйел режиссёрмен таныстырып қана қоймай, жаңа актрисаның өнерін паш етті. Басты кейіпкер Адельдің рөлін сомдаған – Сабина Сексенбаева мұндай батыл қадамға не үшін барғанын баяндады.

                                                             «Қыздар сатып алатын зат емес!»

– Ең бірінші өз рөлім арқылы жеткізгім келгені – жанның қиналуы. Өз тәніңді сату арқылы ақша тапсаң да, жаныңды жеген ауырлық пен ұяттың орнын ештеңе толтыра алмайды. Рөлге дайындық кезінде жеңілтек қыздарға қатысты барлық сұхбаттар мен психологиялық талдауларды қарап шығып, олардың өмірін зерттедім. Мені актриса ретінде емес қарапайым адам ретінде қарастыратын болсақ, маған бұл тым жат дүние. Өзім махаббатқа толы өмір мен бостандықта, татулықта өскен қызбын. Адельдің рөлін сомдап шығар кезде ұзақ ойландым. Себебі, мұндай кейіпкерді ойнау жиіркенішітілік тудырады. Алайда, өмірін психологиялық жағынан қарастыру арқылы қызды шынайы жақсы көріп кеттім. Кездейсоқтық пен алаяақтық болмаса, бақытты әрі дені сау адам мұндай жолды ешқашан таңдамайды. 

Актриса
Фото: әлеуметтік желіден

Статистикаға сүйенсек, 90 пайыз эскорт пен жеңілтек қыздар көбіне балалық шағында зорлық көргендіктен осындай қадамға барады. Осы қыздардың өмірі мен психикасы кішкентай кезінде-ақ бұзылған. Қыздарға айтқым келетіні, ешқашан берілмеңіздер! Табанды болсаңыз, барлық арманыңыз орындалады! Биік белестерді бағындыру үшін өмірге шыр етіп келгеніңіздің өзі жеткілікті. Ал ер адамдар бір жерде бас қосып отырғанда «қыздарды шақырайық» деп айтуды доғарар деген үміттемін. Сұраныс бар жерде – тауар да бар.  Қыздарды қаралап, жамандамас бұрын ойланыңыздар.